Нұр-Сұлтан колледждерінде бірнеше мамандықты тегін оқуға болады
Қысқа сілтеме алу
Колледждерге құжат egov.kz электронды порталы арқылы қабылданады, талапкердің жатақханадан орын алуға және тегін тамақтануға мүмкіндігі бар
НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Елорданың білім басқармасы жергілікті бюджеттен кәсіптік-техникалық колледждерге бөлінген гранттың санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Басқарма басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, жергілікті бюджеттің есебінен 21 колледжге 3 602 орынға тапсырыс жасалды. Соның ішінде 9-сыныптан кейін 2 890 адамды тегін оқытса, 11-сыныптан кейін 710 түлек қабылданады. Мамандықтардың тізбесі де рәсімделді. Олар – білім беру, медицина, фармацевтика, сервис және қызмет көрсету, маркетинг, энергетика, көлік, өндіру, монтаждау, жөндеу, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар, құрылыс, коммуналдық шаруашылық және экология.
Оқи отырыңыз: Елордада 1 маусымнан бастап барлық балабақша штаттық режимде жұмыс істейді
«Колледждерге құжат қабылдау тәртібі автоматтандырылған және egov.kz электронды порталы арқылы жүзеге асырылады. Порталда талапкерлер, ата-аналар немесе заңды өкілдер білім туралы құжаттың электронды көшірмесін фотосуреттерімен қоса тіркеп, электронды түрде өтініш бере алады. Ал медициналық анықтамалар ауылдық елді мекендерді санамағанда денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінен алынады», — деді Қадырова бүгінгі онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, құжаттарды портал арқылы жібергенде талапкердің жатақханадан орын алуға және тегін тамақтануға мүмкіндігі бар. Себебі жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы оның әлеуметтік мәртебесі анықталады.
«Қабылдау комиссиялары құжаттарды қарау қорытындысы бойынша талапкерлерге конкурс және арнайы емтиханды өткізу күні туралы хабар береді», — деп түсіндірді Қадырова.
sputniknews.kz