Атырауда жоғалып кеткен бір жарым жасар сәби өлі табылды
Қысқа сілтеме алу
Атырау полицейлері мен еріктілері бір жарым жасар баланы екі тәулік бойы іздеді, сәбидің денесі ескі септиктен табылған
НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Атырауда Жұлдыз шағын ауданында екі күн бұрын жоғалып кеткен 1,5 жасар сәбидің денесі табылды.
Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға қала әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
«Бала табылды, өкінішке қарай, ол көз жұмған», — деп мәлімдеді ведомстводан.
Еріктілердің айтуынша, баланың денесі қоқысқа толы ескі септиктен табылған.
Сәбидің жоғалып кеткені туралы ақпарат 20 мамыр сағат 14.01-де түсті.
Бала үйінен шамамен сағат 13.30-да шығып, сол күйі оралмаған. Көрші үйде орнатылған камераға баланың әуелі аулада болғаны, кейін көшеге шыққаны түсіп қалған.
Бала анасы бір-екі минутқа үйге кіріп шыққан кезде із-түссіз жоғалып кеткен.
Сәбиді іздеуге 50 полицей мен 400-ге тарта ерікті жұмылдырылды.
sputniknews.kz