«Birgemiz» қоры қанша отбасыға 50 мың теңгеден таратып бергені белгілі болды
Қор Түркістан облысында Достық ауылының зардап шеккен тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз етеді, олар үшін жиырма үй салынады
НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. «Birgemiz» қорынан 362 мың отбасы 50 мың теңгеден алды, 200 мыңнан астам жанұяға азық-түлік себеті мен ең қажетті тауарлар таратылды, деп хабарлайды «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі.
«Birgemiz» қоры мұқтаж қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
«Бүгінге дейін 200 мыңнан астам отбасы азық-түлік себеті мен ең қажетті тауарларды алды. 362 мың отбасына 50 000 теңгеден төленіп, жалпы саны 1,3 миллионнан астам қазақстандық қамтылды», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, нұротандықтар Түркістан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың тұрғындарына көмек көрсетуде. «Nur Otan» партиясының барлық филиалынан азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары және жеке гигиена құралдары бар 1000 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Президенттің тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңа немесе қайта жөнделген үйлермен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілер мен жолдарды қалпына келтіруге 14 миллиард теңгеден аса ақша бөлінді.
Тағы оқыңыз: «Сынақтан абыроймен өтеміз»: Назарбаев өз қорынан 200 млн теңге бөлді
«Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қоры да қосымша көмек көрсетпек. Қор Достық ауылының зардап шеккен барлық тұрғынын жаңа баспанамен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, олар үшін Мырзакент елді мекенінде 20 үй салынады», — делінген хабарламада.
Бұған дейін «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге үй құрылысына бөлінген жерлерді арнайы барып аралап, жергілікті тұрғындармен кездескен еді.
Саман кесектен тұрғызылған үйлердің орнына газ блоктарынан ауданы 100 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі үйлер салынады. Бұл үшін «Birgemiz» қорынан 340 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарының сапасы партияның ерекше бақылауында болады.
Сәуір айының соңында «Birgemiz» қорына 24 миллиард теңгеге жуық ақша жиналды.
«Birgemiz» қоғамдық қоры тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 20 наурызда төтенше жағдай кезінде тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсету үшін құрылған болатын.
sputniknews.kz