Естелік ретінде ағаш отырғызады: Нұр-Сұлтанда мектеп түлектеріне бітіру кешін ұйымдастыруға тыйым салынды — Қазақстан жаңалықтары
Елордада мектеп түлектеріне бітіру кешін ұйымдастаруға тыйым салынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мәлім етті.
Аттестат тапсыру оқу орындарының аулаларында өтеді. Одан кейін түлектер мектеп жылдары туралы естелік ретінде ағаш отырғызады. 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша 6 515 елордалық оқушы аттестат алады. Салтанатты рәсім 3 маусымда қаланың барлық орта оқу орындарында өтеді.
«Елордада карантин режимінің сақталуына байланысты аталмыш іс-шаралар барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, мектеп аулаларында өтеді. Оқушылар рәсімге мектеп формасымен қатысады. Аттестат тапсырғаннан кейін «түлектер аллеясында» көшет отырғызу акциясы жоспарланған. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы бітіру кештерін өткізуге қатаң тыйым салынады деп ескертеді», – деді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы
Биыл 6 199 елордалық оқушы немесе оқушылардың жалпы санының 95%-ы ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсырады. Оның ішінде 3 665 қазақ, 2 495 орыс, 39 ағылшын тілінде.
Карантин режимін ескере отырып, тест басталар алдында емтихан тапсырушылардың температурасы өлшеніп, оқушылар арасында қауіпсіз қашықтық сақталады. Сондай-ақ қосымша санитарлық шаралар қабылданады.
Бұдан басқа, оқушыларды ҰБТ өтетін жерге тегін жеткізу қамтамасыз етіледі; ата-аналар өз балаларының уақытында келуін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
ҰБТ басталғанға дейін үй-жайлардың өртке қарсы қауіпсіздігі тексеріледі, медициналық көмек және құқықтық тәртіпті қорғау ұйымдастырылады.
Атап кетерлік жайт, биыл Нұр-Сұлтанда «Алтын белгіге» 359, үздік аттестатқа 379 түлек үміткер екен.
stan.kz