Бейсен Құранбектің өлімінің алдында жазған жазбасы жұртты жылатты

0

Танымал тележүргізуші Бейсен Құранбек көз жұмды. Бейсен Құранбектің қазасы күллі қазақтың қабырғасы қайыстырды. Желіде тележүргізушінің соңғы жазған естелігі жария болды.

«Білу — бөлек, түсіну — басқа. Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім… Бірінші,
Ұстазым жиі айтатын «бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол- ниеттің, тілектің, батаның күші» деген сөздің рас екенін.

Екінші, халқымыздың «басты байлық — денсаулық» деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым.

Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған «Байлық — қолға ұстаған мұз, Бақыт — басқа қонған құс, Бала — артта қалар із, бұл өмірдің қызығы — Сіз бен Біз» деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім», — деп жазды тележүргізуші соңғы жазбасында.

Бейсен Құранбек 1971 жылы 9 желтоқсанда Алматы облысында өмірге келді. 49 жасында өмірден озды. Ол 2013-2017 жылдары «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуын жүргізді. 2017 жылы ұлттық арнада «Қарекет» бағдарламасының тізгінін ұстады.