Қарағандыда өзін полковник ретінде таныстырған ер адам қамауға алынды – видео

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

9 0 0

Ер адам жауапкершіліктен қашу үшін өзін ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі ретінде таныстырған. Тексеру нәтижесінде оның алаяқтық әрекеті үшін осы кезге дейін де істі болғаны анықталды

АЛМАТЫ, 19 мамыр – Sputnik. Қарағанды полициясы жол ережесін бұзып, өзін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері деп таныстырып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан 47 жастағы жергілікті тұрғынды тұтқындады.

Оқиға Қазақстандағы төтенше жағдай режимі уақытында 23 сәуір күні болды, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

Ер адам үйінің ауласынан шығып, жол қозғалысы ережесін бұзуы оны тоқтатуға себеп болған. Полицейлердің құжаттарын көрсету жөніндегі өтінішіне, ол өзін ұлттық қауіпсіздік комитеті жеке қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасарымын деп таныстырған. Алайда ол мұны растай алмады.

«Бүкіл әңгіме видеожетонға жазылды. Полиция қызметкерлеріне азамат күдікті болып көрінген. Сол себепті жағдайды анықтау үшін Қарағанды облысы бойынша ҰҚК қызметкерлері мен полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері шақырылды», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Ер адамды Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс ауданындағы полиция бөліміне жеткізгеннен кейін ғана ол арнайы қызметтерге ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан. Ал тәртіп бұзғаны үшін жауапкершіліктен қашу үшін өзін полковник ретінде таныстырған.

«Ер адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 476-бабының 6-бөлігіне («төтенше жағдай режимін бұзу») сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Қарағанды қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы он тәулікке қамауға алынды», – деп толықтырды полиция өкілдері.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында алаяқ басшы ұсталды

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері күдіктінің өткен жылы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтады. Ол жергілікті тұрғындардың бірінен жасаған қылмысы үшін қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы мәселені шешіп беретінін айтып, сол әрекеті үшін сыйақы сұраған.



sputniknews.kz