Сел салдарымен күресте «Мақтаарал тәжірибесін» пайдаланамыз – Шөкеев
Түркістан облысында нөсерлі жауын салдарынан бірнеше ауданды су шайды. 522 үй ауласын, 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланды
НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында нөсер жауыннан зардап шеккен азаматтардың шығынын арнайы сараптау комиссиясы анықтайды. Бұл туралы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев төтенше жағдай жөніндегі штаб отырысында мәлімдеді.
Жарамсыз болған үйлер мен жөндеуді қажет ететін баспаналарды қайта қалпына келтіру жағы қарастырылып жатыр, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Жергілікті деңгейдегі төтенше жағдайдың салдарын өз күшімізбен жоямыз. Оған тәжірибеміз жеткілікті. Сел салдарымен күресте «Мақтаарал тәжірибесін» пайдаланамыз. Су шайған аумақтар секторға бөлінген. Оларға аудан басшылары жауапты. Төтенше жағдайды жұмыла еңсеруге барлық мүмкіншілік бар», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында су басқан ауылдар жайлы ақпарат жарияланды
Түркістан облысының таулы аудандарында нөсерлі жауын салдарынан бірнеше ауданды су шайды. Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарында жалпы 522 үй ауласын, 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланды.
Су тасқыны зардабын жоюа 612 маман мен 84 техника, 47 мотопомп жұмылдырылды.
sputniknews.kz