Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова өмірден озды
Қысқа сілтеме алу
Гүлнар Дәукенова — халық арасында кеңінен танылған «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Мөлдір сезім» секілді көптеген әндердің авторы
АЛМАТЫ,14 мамыр – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, әнші әрі композитор Гүлнар Дәукенова қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаралы хабарды Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, режиссер Асхан Маемиров Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
«Өміршең әндерімен, көкейкесті күйлерімен тербеген әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ҚР композиторлар одағының мүшесі Гүлнар Дәукенова өмірден өтті. Халық арасына кеңінен танылған «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Мөлдір сезім» секілді көптеген әндердің авторы Гүлнар Дәукенова әпкеміздің туындылары да, өзінің жан дүниесі секілді шынайылыққа, сыршылдыққа, лиризмге толы болатын», — деп жазды Маемиров.
Сонымен қатар ол Дәукенованың шығармашылығына тоқталды.
«Еліміз тәуелсіздігін алған тұста үлкен толғаныстан туған «Жасай бер, Қазақстаным!» күйі көптеген оркестрлердің репертуарының алтын қорына енді. Елге деген махаббатын әнмен, күймен өрнектеген Гүлнар апа өмірде кішілік пен кісілікті, адалдық пен мейірімді, адамгершілік асыл қасиеттерді ту етті. Көптеген әндері — марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналды»,- деп жазды ол.
Гүлнар Дәукенова 1961 жылы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында дүниеге келген. Үржар ауданының музыка мектебін және Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесін бітірген. Ол жерде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың сыныбында оқыған. Алматы мемлекеттік консерваториясының аспаптық орындау факультетін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Малғаждар Әубәкіровтің сыныбында бітірген. 25 жыл Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашысы болды.
Гүлнар Даукенованың әндерін Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Меруерт Түсіпбаева, Айгүл Иманбай, Гүлнар Оразымбетова, Ақбота Керімбекова,Мирас пен Құралай, «Жігіттер» квартеті, «Кешью» топтары орындап жүр.
sputniknews.kz