Қылмыстық жауапкершілік енгізіледі — жұмылдыру дайындығы туралы заң жобасы қабылданды
Қысқа сілтеме алу
Заң жобасының негізгі мақсаты – жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, сондай-ақ, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы заңнаманы жетілдіру
НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Сенат жұмылдыру дайындығы туралы заң жобасын екі оқылымда да қарап, қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатта кейбір заңнамалық актілерге жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды.
Заң жобасының негізгі мақсаты – жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру, сондай-ақ, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы заңнаманы жетілдіру.
Сенатор Талғат Мұсабаев заң жобасы арқылы жұмылдыру дайындығы саласына мемлекеттік бақылау енгізіліп, уәкілетті органға тиісті құзырет берілетінін атап өтті.
«Сонымен бірге осы саладағы іс-шараларды бейбіт уақытта орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ, жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында жұмылдыру тапсырмалары мен тапсырыстарды орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі», — деді депутат.
Құжатта мобилизация резервінің дәрілік заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдарын жеткізу, сақтау және жаңарту жөніндегі функцияларды денсаулық сақтау министрлігіне беру ұсынылып отыр.
Сонымен қатар, жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға сақтандыру қорын құру және сақтау саласындағы қызметті үйлестіру құзыреті беріледі.
Бұдан бөлек, мемлекеттік материалдық резервті жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер енгізіледі:
- денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ведомстволық ұйым тауарларды мемлекеттік материалдық резервке жеткізу және оларды сақтау кезеңінде оның сапасын бақылайды (Ұлттық сараптама орталығы);
- мемлекеттік материалдық резервтің тауарларын кәдеге жарату құзыреті енгізіледі;
- материалдық құндылықтарды жаңарту сақтау пункттерінде жүргізіледі;
- материалдық құндылықтар басқа мемлекеттік органдардың балансына тегін беріледі;
- денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қызмет ететін бірыңғай дистрибьютор жұмылдыру резервінің медициналық мақсаттағы дәрілік заттары мен бұйымдарын жеткізу, сақтау және жаңарту функцияларын атқарады.
Сенат депутаттары заң жобасын екі оқылымда да қарап, қабылдады.
sputniknews.kz