Қазақстанда букмекерлік кеңселердің клиенттері туралы деректерді жинау жоспарланып жатыр — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанда ставкаларды есепке алу орталығын және бәске қатысушылар туралы мәліметтер базасын құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

құмар ойын«Ойын бизнесі туралы» заңда құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өзін-өзі шектеу механизмі енгізіледі. Уәкілетті мемлекеттік органдарды букмекерлік кеңселер мен ойыншылардың арасындағы ақшалай операциялар туралы толық және шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін, сондай — ақ бәс тігуге қатысудан шектеу механизмін жүзеге асыру үшін ставкаларды есепке алу орталығын құру қарастырылуда», — деді мәжіліс отырысында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта саланы мемлекеттік реттеудегі маңызды мәселе — букмекерлік кеңселер мен лотереялардың айналымы туралы нақты ақпараттың болмауы.

«Осыған байланысты ставкаларды есепке алу орталығын құру ұсынылады. Бұл ретте букмекер кеңсесіне қолма-қол немесе электрондық төлем жүйелері арқылы түсетін барлық төлемдер онда ескерілетін болады. Бұл көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықтардың жиналуын арттыруға, бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бәске қатысушылардың деректер қоры жалпы декларациялауды жүргізуге, бәске қатысуға клиенттерді шектеу және өзін — өзі шектеу рәсімін енгізуге ықпал етеді, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес шараларын күшейтеді», — деді министр.

Бұл өзгерістер мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған.

Райымқұлованың айтуынша, заң жобасы құмар ойындар туралы заңнаманың бұзылуын бақылау жүйесін күшейтеді, сонымен қатар осы саладағы заңнамалық шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік беретін ережелерді алып тастайды.

 

stan.kz