Қазақстанда Қарулы күштердің алғашқы ПТР-зертханасы іске қосылады

0

Зертхана Қарулы күштердің жеке құрамын коронавирусқа қарсы тестілеуден өткізуге, басқа да ПТР-зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді

НҰР-СҰЛТАН, 11 мамыр – Sputnik. Қорғаныс министрлігінде қызметтік тұрғын үйді тапсыру, алғашқы ПТР-зертхананы іске қосу мәселесі талқыланды.  

«Аппарат кеңесінде қызметтік тұрғын үй қорын жаңарту, Қарулы күштердегі алғашқы ПТР зертханасын іске қосу және жеке құрамды коронавирусқа ауқымды тестілеу, әскери қызметшілердің Арыс қаласындағы қызметі және əскер өмірінің басқа да өзекті мәселелері күн тəртібіне қойылды», — деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.    

 Осы аптада еліміздің Шығысындағы Аягөз гарнизонының әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері тұратын «Южный» жабық әскери қалашығында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі.   

Соңғы уақытта аталмыш әскери қалашықтың келбеті түбегейлі өзгергенін атап өткен жөн. 18 тұрғын үйде 1 350 пәтер, оның ішінде 14 пəтер толық жөндеуден өтті. 2020 жылға арналған жоспарда 36 ғимарат пен нысанды күрделі жөндеу жоспарланған. Осы жылдың шілде айында күрделі жөндеуден кейін 70 пәтері бар тағы бір тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Тоқаев дезинфекция жасап жүрген жігітті таныды — видео

Кеңестің күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі Қарулы Күштердің алғашқы ПТР-зертханасын құру болды. Ол Алматы қаласындағы Қарулы күштердің санитарлық-эпидемиологиялық орталығы базасында құрылған.  Зертхана ғимаратының үй-жайлары жөнделіп, қажетті жабдықтар орнатылып, іске қосу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ арнайы мамандар, оның ішінде вирусологтар дайындалды.

«Аталмыш зертхананы пайдалануға беру Қарулы күштердің жеке құрамын, әсіресе инфекцияның таралуына қарсы күрес жөніндегі іс-шараларға тартылғандарды коронавирусқа тестілеуден өткізуге, сондай-ақ басқа да ПТР-зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді министрлік мамандары.

Бұл туралы нұсқауды қорғаныс министрі берген.

Кеңесте Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес осы жылдың 31 тамызына дейін азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселесі де қаралды.

Ведомство басшысы атап өткендей əскерге шақырылатындар денсаулығының қауіпсіздігі үшін қатаң шаралар қабылдау, жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп ПТР-тестілеуді ұйымдастыру қажет.  

Елорда мен басқа да өңірлерде аумақтық қорғаныс бөлімшелері төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күрес бойынша міндеттерді орындауды аяқтады. Осы аптаның соңында жоспар бойынша дезинфекциялық жұмыстарды Қарағанды облысының аумақтық қорғаныс бригадасы аяқтайды.



sputniknews.kz