қазақ жауынгерінің келіні қайын атасының ерлігі жайлы айтты
НҰР-СҰЛТАН, 8 мамыр – Sputnik. Бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батырлардың бірі барлаушы Пазыл Жаманбалаев еді. 19 жасында қан майданға аттанған жауынгер ұрыс алаңында батылдығымен көзге түсті. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Sputnik Қазақстан тілшісі майдангердің келіні Райхан Жаманбалаевамен тілдесіп, барлаушының өшпес ерлігін еске түсірді.
Пазыл Жаманбалаев 1923 жылы 10 қазанда дүниеге келген. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Шайдана ауылының тумасы.
Небәрі 19 жасында, 1942 жылы 24 маусымда ант қабылдап, ұрысқа аттанады. Оқ бораған майданда үш рет жараланған. 1945 жылдың наурызында Шығыс Пруссияда контузия алып, госпитальде ұзақ уақыт емделген. Тек 1946 жылдың көктемінде үйіне оралады.
«Ағыл-тегіл жылап отырғанын көрдім»
Райхан Жаманбалаева – жауынгердің ең үлкен келіні. Жаманбалаевтар отбасына 19 жасында, 1972 жылы келін болып түскен. Майдангер қайын атасымен бір шаңырақ астында алты жыл бірге тұрыпты.
«Әлі күнге дейін есімде. 9 мамыр болатын. Ас үйде дастарқан жайып, атаны тамаққа шақырдым. Ол кісі теледидардан әскери парад көріп отыр екен. «Тамақ ішіңіз» деп едім, үндемеді. Естімей қалған шығар деп, қасына жақындасам, ағыл-тегіл жылап отыр екен. Ол кісі он тоғыз жасында кетті ғой майданға. Сол кездің балаларын сұрапыл соғыс ерте есейтті», — деп еске алды жауынгердің туысы.
Айтуынша, майдангер бала-шағасының ортасында соғыс жайлы тіс жармайтын.
Пазыл Жаманбалаев қандай адам еді
«Өте қарапайым, адал кісі болатын. Елдің бәрі түрі сұсты, көз жанары өткір деп, жүзіне тура қарай алмайтын. Еш уақытта маған «сен» деген емес, «сіз» деп сөйлейтін. Қазір кейбір отбасыларды көріп қынжыласың. Келіндері қайын атасымен ұрсысып жатады. Өкінішті, әрине», — дейді Райхан Жаманбалаева.
©
Photo : Райхан Жаманбалаеваның жеке архивінен
Қазақ жауынгері Пазыл Жаманбалаев
Майдангер әскери парадтан қалмауға тырысатын. Мемлекетке де еш өкпе-реніші болған емес. Адал еңбегімен өмір сүрді, деп жалғастырды әңгімесін барлаушының келіні.
Фашистер үшін «түнгі концерт»
Райхан Жаманбалаева қайын атасының ерлігі жайлы «Ақ жол» газетіне жазған екен. Содан үзінді келтірді.
«1944 жылдың 23 маусымы мен 29 тамыз аралығында Белоруссияны азат ету үшін кескілескен ұрыстар жүрді. 23 маусым күні таңертең кеңестік әскер шабуылға шықты. 204 Витевск атқыштар дивизиясының 306-шы жеке барлау ротасының құрамында барлаушы Пазыл Жаманбалаев та бар еді.
Ұлы Отан соғысы: қазақ жауынгері мен оның қызметтік иті туралы қызықты әңгіме
Сол жылдары қазақша шығып тұрған «Қызыл Армия» газетінің 1944 жылғы шілде айындағы санында «Батыл барлаушы» атты мақала жарық көреді. Онда былай делінген:
«Могилев қаласына таяу маңда жаудың қатты қарсылығына тап болдық. Бүгін қатарынан үш рет атакаға шыққанмен, нәтиже болмады. Дұшпанның минометтен және пулеметтен күшті оқ жаудыру атқыштарымыздың алға басуына бөгет жасады. Кешке таман ішінде барлаушы Пазыл Жаманбалаев бар жай киім киген арнайы рота ұрыс даласына келді.
Арада екі күн өте-ақ алғашқы хабар жетті. Дұшпанның қорғану шебінің алдыңғы линиясынан кейін, әр 200 метр жерде екінші, үшінші линиясы бар болып шықты. Екі мәрте керілген сымдардан кейін терең қазылған орлар әрі дзоттар бар екен».
Барлаушылар дұшпанның қорғаныс жүйесін толық зерттеп, өздеріне жүктелген міндетті тамаша атқарып шыққан.
«Оның ішінде барлаушы Пазыл Жаманбалаев батылдығымен ерекше көзге түсті», — делінген мақалада.
Партизандар мен барлаушылар 20 шілде күні түнде 40 795 рельсті істен шығарған. Мұны фашистер үшін «түнгі концерт» деп атады.
«Тіл» ұстау операциясы
Барлаушының келіні жауынгердің қан майдандағы тағы бір ерлігі туралы айтты. Ол ақпарат алу үшін «тілді», яғни фашисті ұстау операциясы болатын.
Майдангердің ерлігі қазақстандық жазушы С.Қалиевтің «Маңызды «Тіл» әңгімесінде суреттелген.
«Витебск маңы. Бір топ барлаушыға жау тылынан «тіл» әкелуге тапсырма берілген.
Барлаушылар демалуға кеткен жауынгерлердің орындарына тұрды. Аралары он бес метр. Бұралаң-бұралаң траншеядан біреуі екіншісін көре бермейді. Сағат түнгі бірдің кезі. Автоматын кесе көлденең ұстап, алдыңғы жақты біраз бақылаған соң, Пазылдың көзіне ұйқы тығыла бастады. Сағатына қарап, уақытты білгісі келді.
Майдандастарын құтқару үшін кеудесін оққа тосты: Сүндетқали Есқалиевтің ерлігі
…Пазыл автоматын жар қабаққа сүйеді де, басына плащ-палаткасын бүркеніп шырпы жақты. Осы сәтте сыбдыр естіліп, үстіне зілдей біреу қона кетті. «Немістер» деп ойлады. «Неміс барлаушыларына «тіл» болып кетпекпін бе?» деген қорқынышты ой тоқ ұрғандай өне бойын қарып өтті».
Осыдан кейін екеуінің арасында айқас басталады. Қазақ жауынгері «тілді» жеңеді. Жаманбалаевтың тірідей қолға түсірген «тілі» немістің унтер-офицері болып шықты.
Марапаттары
Пазыл Жаманбалаев «Ерлігі үшін» медалімен, Қызыл Жұлдыз, ІІІ дәрежелі Даңқ, ІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Батырдың медальдары сақталмапты, тек марапаттау туралы құжаттар ғана бар екен.
©
Photo : Райхан Жаманбалаеваның жеке архивінен
Жамбыл қалалық ішкі істер бөлімінен құрметті демалысқа шыққан уақыты
Қазақ жауынгері еліне оралған соң, қалған ғұмырын ішкі істер саласына арнаған. 1964 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің Жоғарғы милиция мектебін тәмамдайды.
1970 жылы Жамбыл қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметінен подполковник шенінде құрметті демалысқа шығады. Осыған қарамастан, ол облыстық прокуратурада біраз жыл еңбек еткен.
«Бірде былай деп қалжыңдағаны есімде: «Мен бұл дүниеде милицияның бастығы болдым, енді о дүниеге барғанда, күзетші болатын шығармын», — деп еске алды келіні.
Майдангер ұрпағының тілегі
Майдангер 54 жасында қайтыс болды. Жаманбалаеваның айтуынша, соғыста алған жарақатынан бөлек, ол өкпе ісігіне де шалдыққан.
Жамбылдық барлаушы жұбайы Мірзайыммен бірге жеті бала – үш ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсірді. Қазір 15 немере мен 15 шөбере ержетіп келеді.
«Бір ауылға немесе көшеге Пазыл Жаманбалаевтың есімі берілсе екен деймін. Ол Жамбыл ауданындағы Шайдана ауылында туды. Соның маңында Пионер ауылы бар, мүмкін, сол ауылды Жаманбалаевтың құрметіне атауға болатын шығар. Ол кісіні танитындар менің өтініш-тілегіме құлақ асса. Ең басты тілегім осы», -дейді жауынгердің келіні.
Райхан Жаманбалаеваның ойынша, майдангерге батыр атағын да беруге болады.
sputniknews.kz