Үйді қандай материалдан салған дұрыс

0
Үйді қандай материалдан салған дұрыс?Әрбір жасы келіп, есейген ер азамат шаңырақ құрмас бұрын, бірі үйлі — баранды болған соң, бала — шағасымен пәтер жағалап жүрмей, жанға жайлы баспана алуды не өздері салуды көздейді. Егер сәтін салып, жеріңіз болып, үй салуға шындап кіріссеңіз, сіздің алдыңызда бір емес мың сауал туындайтыны рас. Соның бірі «үйді қандай материалдан салған абзал?»
Міне осы сұраққа біз сізге жауап тауып көрейік. Біріншіден, үй салу үшін «идеалды» материал жоқ. Әрқайсысының оң және теріс тұстары бар. Олай болса, өзіңіз үшін ең қолайлы материалды таңдаған дұрыс.
1. Кірпіштен қаланған үй
2. Әртүрлі блоктардан қаланған үй (пеноблок, газосиликат және т. б.)
3. Қабырғасы діңгек ағаштан тұрғызылған үй
4. Қабырғасы бөренеден тұрғызылған үй
5. Каркас үй

1. Осылардың арасындағы ең берік, ұзақ мерзімді әрі тұрақтысы – кірпіш үй. Бірақ кірпіштің үлкен минусы бар, ол қымбат. Жоғарыда аталған үйлердің арасындағы ең қымбаты кірпіш үй. Бұл жерде қуыс кірпішті пайдалану арқылы не ортасын шиыршық таспен толтыру арқылы (колодцевая кладка) үнемдеуге болады. Айта кетерлік жайт, кірпіш жылу өткізгіш материал.

2. Түрлі борқылдақ бетоннан (газобетон) қаланған үй кірпіш қабырғаға жақсы балама болып табылады. Олар жылуды ұзақ уақытқа дейін ұстап тұратын қасиетке ие. Мысалы 64 см кірпіш қабырға 34см борқылдақ бетонмен тең түседі. Борқылдақ бетоннан қаланған қабырға кірпішке қарағанда 2 есе жеңіл. Бұндай материал уақыт жағынан да ұтымды. Алайда, борқылдақ бетон кірпішке қарағанда осал және екі қабаттан көп салуға кеңес берілмейді. Борқылдақ бетоннан жасалған үйдің сырты әсем болу үшін оны арнайы материалмен қаптау керек.

3. Ағаш діңгектен салынған үй, ең жылдам салынатын үй десе болады. Ондай үйді салу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Үйдің сыртын арнайы сылақпен қаптау керек. Бұндай үйдің кемшілігі – шамамен 7 пайызға дейін отырып қалады. Үйдің аласаруын болдырмау үшін жапсырылған діңгеткі пайдалану керек. Бірақ ол бірнеше есе қымбат.

4. Бөренеден қаланған үй қолжетімді әрі арзан, ал өңделген бөренелер қымбат. Ағаштың өңделуі қандай ағаш екеніне ғана емес, сондай — ақ ұстаның шеберлігіне де байланысты. Ешқандай тәжірибеңіз болмай тұра, өз бетіңізден жақсы ағаш әкелу қиын мәселе. Бөренелер де уақыты келе отыра бастайды.

5. Каркас жоғарыда аталған үйлердің ең жеңіл варианты болып табылады. Олар да ақша мен уақыт жағынан үнемді. Ондай үйлерді салу үшін арнайы білім қажет емес. Қабырғаларды жылытатын материалдармен толтыру кезінде, су мен будың әсерінен қорғаушы «оқшаулықты» (изолятор) дұрыс орнату керек. Әйтпесе бұл қабырғалар өздерінің ең маңызды қасиеті жылуды ұстап тұру қабілетінен айрылады.

Енді сіз жоғарыда аталған үйлердің арасындағы айырмашылықтар туралы білесіз. Қандай үй салатыныңызды да шешіп алған шығарсыз. Ал біз сізге үйіңіздің ойдағыдай шығуын және ең бастысы сол үйде ырыс — береке мол болып, жанға жайлы мекенге айналуын тілейміз.
Дереккөзі: el.kz