Ақпарат министрі Аида Балаева жайлы не белгілі? — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанның жаңадан тағайындалған ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жайлы не белгілі? Бұл туралы Stan.kz тілшісі тарқатып көрді. 

Балаева

Аида Балаеваның күйеуінің есімі Орал Жүсіпов. Ашық дереккөздерде ол туралы мәліметтер табылмады. 

«Балаларым — менің қуатым»

46 жастағы шенеунік әйел үш баланың анасы, үлкен ұлы 26 жаста болса, кіші қызы 16-да екен. Ол демалыс күндері балаларына уақыт бөлетінін айтады.

«Олар — менің қуатым, жан-жүрегім және осал тұсым. Сол себепті демалыстарымды солармен өткізуге тырысамын», — дейді ол. 

Шенеунік үйінде анасы көмектесіп тұратынын жасырмады. Десек те айтуынша, жұмысына қарамастан ол отбасына ас әзірлеуге үнемі дайын екен.

«Қай салада болмасын жетістікке жету үшін күні-түні қалтқысыз еңбек ету керек. Адамзатты өз әлеміне байлап алған бүгінгі «интернет дәуірінде» үй қызметіне қатысты шаруаның барлығы автоматтандырылса да, олар жанұядағы адамдардың бір-біріне деген іңкәрлігін, махаббатын және қамқорлығын ысырып тастай алмайды. Сол себепті мен жұмысымның көптігіне қарамастан, жақын да сүйікті жандар үшін үлкен сүйіспеншілікпен ас әзірлеймін», — деді Балаева.

Өзінің әріптестері сияқты Балаева шетел университетін бітірмеген. Қос жоғары білімі бар (орыс тілі мен әдебиет пәнінің ұстазы және заңгер). 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2007 ж. – Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген. Оның мемлекеттік қызметте жүргеніне 20 жылдан асыпты. 

«Уақытша қызметім деп ойладым»

Аида Балаева Алматы облысы Жамбыл ауданының тумасы, еңбек жолын 1999 жылы бастаған. 2010-2014 жылдары  Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2014 жылдан бері президент әкімшілігінде жұмыс істеп келген. 

«Алғашында, мемлекеттік қызметтегі жұмысым уақытша деп ойладым. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмайды ғой. Кейін «уақытша» отырған жерімнен тұрақты орынға келдім. Сөйтіп, негізгі еңбек жолым басталды. Адамды ерекшелейтін, жетістікке жеткізетін қасиеттер туралы айтар болсақ, олар: еңбекқорлық, жауапкершілік және тәртіп», — дейді Аида Балаева.

Өзінің Nur.kz сайтына берген сұқбатында ол туған өлкесінің тарихына «Қызыр қонған құт мекен» атты кітап арнағанын айтыпты. Бұл кітапта қасиетті орындар мен ұлы есімдерге, жер-су аттарының шығу тарихына және т.б. маңызды тақырыптарға қатысты тың деректер бар көрінеді.

Ақпарат министрі сөзінше, нағыз көшбасшылық қасиеттер адам бойында шынайы бәсеке бар ортаның әсерімен қалыптасады. Сондай-ақ ол жоғары лауазымдарға қалай қол жеткізгенін айтып кетті. 

«Мемлекеттік қызметкерлер — халықтан алыс тұлғалар» деген жаңсақ пікір»

«Елімізде шенеуніктерге қатысты көбіне БАҚ таратқан қате ақпараттардың және өзге де жаңсақ ойлардың әсерінен туған, жеке тәжірибеге негізделмеген теріс пікірлер қалыптасып қалған. Әрине, бізде де өзге елдердегідей қызметтік бабын жеке басының шаруалары үшін асыра пайдаланатындар бар. Дегенмен мемлекеттік қызметкерлердің көбі — өз ісіне адал, жөні түзу азаматтар», — дейді ол. 

«Ана ретінде қамықтым»

2019 жылы «Мен сенемін» конференциясы барысында журналист Дана Нұржігітке берген сұқбатында Аида Балаева елімізді дүр сілкіндірген екі оқиға жайлы пікір білдірді. Сөзінше, мәнерлеп сырғанушы Денис Теннің қазасы мен Абай ауылында жеткіншектің зорлануы оны қатты мұңайтқан.

«Әрбір ана үшін өзінің баласының қайғысы мен қазасын көру — ауыр сынақ. Мен Денис Тенді жақын танитынмын, сондықтан қатты қайғырдым. Өте тәрбиелі, ашық-жарқын, мейірімді жан еді. Бірге оның мұзда сырғанау шоуын ұйымдастырған болатынбыз. Қатты күйзелдім. Еңбек демалысында жатқан едік, 2-3 күн бойы қызымыз екеуміз тоқтамай жыладық-ау деймін. Өмір сүруге құштар жігіттің видеосын көру біз үшін қиынға соқты.

Абай ауылында зорланға баланың оқиғасы жаға ұстатарлық жайт. Бұл кезде мен балалар омбудсмені Аружан Саинмен байланыста болдым. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Әрине, осы кезден бастап жергілікті құқық қоғау органдарының жұмысы қайта қаралды. Бұл туралы ашық айтылды. Осы тұрғыда зорлық-зомбылық мәселесі жіті қадағалауға алынуы керек. Тек физикалықтан бөлек, отбасылық, психологиялық әлімжеттік көрсету тағы бар. Кәсіби психологтардың жұмыс жасауы өте маңызды», — дейді шенеунік. 

 

«Әйелдер мемлекетіміздің тірегі»

Аида Балаева әйелдің бір қолымен бала, екінші қолымен әлемді тербетіп отырған тұлға екенін алға тартты. 

«Елбасы үнемі «әйелдерге тапсырған дұрыс болады, олардың жауапкершілігі мықты» деп айтып жүреді ғой. Әйелдердің басым көпшілігі бірінші кезекте ана. Сол себепті бұл айтылған сөз бекер емес. Әрбір әйел — отбасы тәрбиелеп, қоғамды қалыптастыратын тұлға. Елімізде нәзік жандылар үшін бар жағдай жасалған, ешқандай тосқауыл қойылмаған. Ал әйелдің қандай салада жетістікке жететіні оның өзіне байланысты, мейлі ол, журналистика, мемлекеттік қызмет не басқа сала болсын», -дейді Аида Балаева. 

Балаева

Тағы бір сұқбатында Аида Балаева көптің көкейінде жүрген латын әліпбиі жайлы айтып кетті. 

«Қазір латын әліпбиіне көшу мәселесі президент әкімшілігінің қарауында ғана емес, арнайы мемлекеттік деңгейде үкіметте құрылған комиссияның бақылауында. Бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Бір айта кетерлігі, осы шаралар қоғамның пікірін ескере отырып қабылдануда. Көпшілікпен жасаған жұмыстың нәтижесі әрқашан да жақсы болады. Бұл мәселе ары қарай жүйелі жалғасын таппақ», — дейді ол. 

Мұнымен қоса ол елбасының тапсырмасымен гуманитарлық саладағы оқулықтарды аудару туралы жасалып жатқан жұмыстар туралы әңгіме қозғады. 

«2018 жылы 18 оқулық ЖОО жүйесіне енгізілді, алдағы уақытта оқулықтар санын арттырамыз деген ойда бар. Ең бастысы бұл кітаптар білімнің сапасын өсіруге үлкен септігін тигізеді деген үміттеміз. Қуантарлық жайт, еліміздегі аудармашылардың деңгейі өскен», -дейді Балаева. 

Балаева

«Әлеуметтік желілерде сезімдерін білдіріп, жыр арнап жатады»

Аида Балаева әлеуметік желілердің белсенді қолданушысы. Оның Instagram парақшасында 28 мыңнан астам оқырманы болса, Facebook желісінде бұл көрсеткіш бес мыңға жетеді. Балаева көбіне іссапар кезіндегі суреттерімен бөлісіп, оқырмандарды мейрамдармен құттықтап, мемлекет басшысының сөздерімен бөлісіп отырады. Желіде кейбір оқырмандар оған жыр жолдарын арнайтынын да жасырмады. 

«Тағы бір атап өтер жайт, менің жеке Facebook-тегі парақшам — атқарып жүрген қызметіме ешқандай қатысы жоқ. Сол себепті маған жұмыс бабымен немесе соған қатысты сұрақ қоятындарға әдейі жауап бермеймін. Ол үшін өзге ресми алаңдар, арнайы орталар бар. Ал, жеке сұрақтарға келсек, мен көп адаммен араласып, хат жазысып тұрамын. Ой-пікірлеріммен, кеңестеріммен де бөлісіп отырамын. Түсін түстеп нақты бірдеңе көрсете алмаймын. Дегенмен сезімдерін білдіріп, маған арнаған жыр жолдарын жіберіп жататындар да жоқ емес», — дейді шенеунік әйел.

Оның Instagram парақшасындағы жазбадан мысал келтірсек. 

«Құрбан айт мен Рождество сынды діни мейрамдар біздің елімізде ресми түрде тойланады. Қазақстан — көпұлтты мемлекет, біздің еліміздің басты құндылықтары: бейбітшілік, достық пен басқаларына деген құрмет. Бала кезімізден бері Құрбан айт, Рождество, Пасха мен Наурыз тойлап, өзге ұлт бола тұра, бір-бірімізді қонаққа шақырып, достығымызды ұмытпаймыз. Менің 15 балаға кіндік ана болғанымдымақтан тұтамын. Мен олардың әрқайсысына үлгі болуға тырысамын», — деп жазыды Аида Балаева. 

Атап кетерлік жайт, Аида Балаева «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы жетекшілерінің бірі. 4 мамыр күні мемлекет басшысының жарлығымен Аида Балаева басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылып, ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған еді.  

 

 



stan.kz