«Коронавирус айналайын болып қалады»: Маңғыстаулық тур-блогер улы көлдің зиянын айтып дабыл қағуда — Қазақстан жаңалықтары

0

Маңғыстаудың тау-тасын түгел танитын тур-блогер Берік Дәуенов қала тұрғындары барып жүрген көлдің кесапатын айтып дабыл қағуда. «Коронавирустың зияны бұл көлдің қасында айналайын болып қалады» деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. Stan.kz тілшісі тур-блогердің өзімен тілдесіп, көлден келер кесірдің нақты себебін тыңдады. 

маңғыстау

Маңғыстаудан 25 шақырым жерде орналасқан атауы жоқ бұл көлдің жоғарыдан түсірілгендегі бейнесі осындай. Үлкен уран карьерінің маңында жатқан бұл көлдің адамдарға аса қауіп туғызатыны жайлы тур-блогер Берік Дәуенов жар салып жатыр. Оның айтуынша, Атамбайдың ойындағы 4-карьер — бұрын уран өндірілген жер, экологиялық қауіпті аймақ. Тур-блогер көлді тамашалап келушілер көп екенін айтады.

Қала тұрғындарының денсаулығын ойлаған Берік Дәуенов улы көлді қоршап, не болмаса, көміп тастауы керек деген пікірде. Әйтеуір билік қол қусырып қалмаса екен деген уайымда. Көл туралы естіп-білгендері жайлы: 

«Уран карьерінің қасында орналасқан көл болған соң, улы екені айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Жан-жақты ізденіп, сол көл туралы адамдардан сұрастырдым. Естуімше, карьер қазылып жатқанда шыққан қалдықтарды, лас суды сонда әкеп төккен соң көл пайда болған. Одан кейін уран карьері пайда болмай тұрған кезінде ата-бабаларымыз бұл жерді «Ұйқылы» деп атаған. Өйткені қазіргі көл орналаскан аймаққа мал жаюға келген шопандар ұйықтап қала беретін болған екен. Ол уран карьерін 90-шы жылдары жапқан, қазір жұмыс жасамайды. Жұмыс істеп тұрған кезінде ашық карьер болған соң, жаңбыр жаудырмау үшін «бұлт қашырған, «бұлт атқан» деген сөздердер бар халық аузында», — дейді тур-блогер.

Осындай тарихын білген соң, тіпті, ол маңға жоламайтынын айтқан Дәуенов бұл мәселені көптен бері айтқысы келгенін жасырмады. 

«Көлдің зиянын білгенмен, құзырлы органдардан бір тиым болатын шығар, алдын ала ескерту жасап, тұрғындарға үндеу айтатын шығар деп күттім. Бірақ ешқандай ескерту болмаған соң, өзім әлеуметтік желілерге дабыл қағып, жазуыма тура келді», — дейді азамат.

маңғыстау

Қызметі табиғатқа адамдарды алып шығумен байланысты болғандықтан көл туралы сұрап жататындар көп екен. Барлығына уран өндірілген жер болған соң адам денсаулығына зиян екенін айтып, бармауға кеңес беретінін айтады.  

«Шындығына келгенде коронавирус бұл көлдің зиянының қасында айналайын болып қалады. Неге десеңіз вирустың белгілері екі апта ішінде біліне бастайды. Ол көлден бәле жапсырып алсаңыз, сіз қашан, қалай ауыратыныңызды, қай тұсыңыздан қысатынын білмейсіз. Вирустан емделіп шығып жатқандар бар, уақытша індет, бұйыртса, құтылармыз деп ойлаймын. Ал көлден келген кесапат бірден көзге көрінбейді. Зияны бірте-бірте, тіпті, ертеңгі сенің тұқымыңнан көруінуі мүмкін. Ақыр соңы жақсылыққа апармайтын болған соң жанұшыра дабыл қағып жатырмын», — дейді Берік Дәуенов. Ол Мағыстау онкологиялық аурулар саны бойынша алға шығып кеткені осындай салғырттықтан болса керек деп пайымдайды. 

Азаматтың дабылынан соң, Маңғыстау табиғатты қорғауды бақылау комитеті көлді арнайы барып тексергені, су мен ауа құрамынан адам денсаулығына зиянды химиялық заттар табылғаны туралы желілерде жариялаған. Бір қызығы, тұрғындар соған қарамастан көлге демалыс үшін әлі де болса барып жатыр дейді Берік Дәуенов. 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

 



stan.kz