ТАЙҚАЗАН — Тарих
ТҮРКІСТАНДА ТАЙҚАЗАН
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат – қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан.
Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды бабалардың көзі деп, қолымен ұстап көруге әркім-ақ құмар. Кесенені салдырған Көреген Әмір Темір тапсырысымен бұл қазан 1399 жылы 25-маусымда, ( хижр. 801 жыл, 20-шәуәл) Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін асыл металдардың қоспасынан құйылған. Салмағы екі тонна, сыйымдылығы үш мың литр. Қазан сыртындағы араптың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны шайхылардың сұлтаны Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады. Қазақстан мен Қырғызстанның аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар барысында табылған қазандарды ғалымдар екі түрге бөледі.
Біріншісі — «сақтық», конусты қазандар, екіншісі тұғырсыз қазандар. Түркістандағы «сақтық» типтегі қазанға жатады. Алып қазан жасау көне сақ, ғұн, дәуірлерінен бері жалғасып келген дәстүр екенін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы биік, отбасылық құндылықтарды жоғары қойған әлігі социумдар үшін қазан береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны болған. Мұндай түсінікті ауыз әдебиеті нұсқаларымыздың беттерінен көп кездестіруге болады. Мысалы, дауылпаз ақын Махамбеттің шығармаларында «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деп келетін жерлері бар. Ал, төңкерілген қазан болса керісінше, нәубеттің, қасіреттің образы болып есептелген. Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз де құтты болсын, берекелі болсын, береке дарыған орын деген мағынаны береді. Бір шаңырақтың қазаны күнде кешке қайнап жатса, бұл сол елде соғыстың жоқтығы, тыныштықтың белгісі саналса, онда буы бұрқырап жілік-жілік еттің пісіп жатқаны сол елдегі тоқшылықтың, молшылықтың белгісі саналған. Халық арасында бұл түсінік әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.
Мұндай алып қазандар, заманында билеушілердің, лауазымды әскер басылардың қабіріне қойылатын болған. – «Бұл қәбір иесінің ауқатты, жоғарғы топтпан болғанынан хабар береді», – дейді ғалымдар. Ал, Геродоттың келтірген мына бір қызық мәліметіне қарағанда мұның мәні тіпті тереңде екенін аңғаруға болады, – «Бір күні сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әр қайсына садақтарының бір-бір ұшынан алып келуді бұйырады. Сосын оларды балқытып, алып қазан құйдырды». Көшпенділердің жорық кезінде алып жүретін үлкен қазандары болғаны белгілі. Бірақ, мына қазанның жасалуы да, қызметі де ерекше, мұны жасауға сансыз жауынгер қатысып, әрқайсысы өз үлесін қосқан. Алып келген садағының ұшы қазанның бөлінбес бөлшегіне айналғандай, өзі де осы тайпаның сондай бөлшегіне айналып, тайпаның бірлігінің, беріктігінің кепіліне айналып отыр.
Қазан сыртындағы үш қатар жазулардың төменгі жағында орналасқан отызға жуық томпақтарды ғалымдар «Куббалар» дейді. Халық арасында болса, мұны «қазанның емшектері» деп атап кеткен. Осының екінші атауы томпақтардың мәнін толық ашады, бұл Ұмай анаға сиынған сақ тайпаларының ұғымында өмірдің шырағы, шаңырақ отын тұтатушы, ұрпақтарды жалғастырушы болып табылатын анаға бас июдің, үлкен құрметтің көрінісі. Бұл, кез келген нәрсенің байыбына жете барып, қәдірін терең ұғынған сақтардың табиғатына тән құбылыс.
Ғалымдар сопылықты мұсылман әлемі рухани тоқырауға ұшырап, дін қасаң қағида мен жансыз догмаға айналып, жылуын жоғалтқан кезде осыған кері туған құбылыс деп түсіндіреді. Алайда, сопылық ілімі әуелден бар болатын. Мұхамед с.ғ.с пайғамбардың көзі тірісінде айналасындағы сахабалардың әрекеттері сопыларға сай еді: түн ұйықтамай құлшылық қылып, рухани кемелдікке жетуді алдына мақсат қоятын. Осындай, діннің формасы ғана қалып, соқыр сенім үстемдік құра бастаған уақытта, оның ішкі мәнін ашуға ұмтылып, нәпсісімен күресетін жамағат пайда болғанда оған сопылар деген ат тағылып, исламннан бөлек дүние етіп көрсеткісі келетіндер де табылып жатты. Қазақстан мен Орта Азия-дай кең аумаққа исламның осы, сопылық дәстүр арқылы енгені белгілі. Баяғы заманды қозғамай-ақ, осы күннің өзінде төрткүл дүниеге қонақжай, тыныштық сүйгіш, кеңпейіл халық етіп танытқан сол ілімнің инерциясы болатын. Бұл, ғасырлар қойнауынан аналардың сүтімен, бабалардың қанымен бойға дарып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан бірден бір ерекшелік. Сопылықтың мұндай өміршеңдігін жергілікті мәдениетке мән беріп, оны бойына сіңіруінен дейді зерттеушілер. Осындай процестер барысында көшпенділер әдет-ғұрыптарының трансформацияланғанындай, қазандар да өз символикасын сақтай отырып, діни рәсімдерде нақты мақсатқа пайдаланатын болды.
Атақты шығыстанушы М.Массонның еңбектерінде жұма күндері Түркістандағы қазан суға толтырылып, жұма намазынан кейін айналасына адамдар алқа құрып отырып зікір салатыны айтылады. Рухани кеңістікте жай тұрған судың өзі, микроэлементтері ерекше тәртіппен түзіліп, басқа суларға қарағанда бөлек табиғат табады. Судың осындай жағдайларда сапасының артатыны ғылым үшін бүгінде жаңалық емес. Қазір ғылымның дінге қайта қосылу процесі жүріп жатыр. Бір Жаратушының барын мойындап, зерттеулерін сол бағытпен жүргізіп жатқан ғалымдар көп жетістікке жетуде. Сондай ғалымдардың бір тобы – биологтар жүргізген зерттеулері мен тәжірибелерінің нәтижесінде судың химиялық және физикалық қасиетінен басқа психологиялық қыры ашылып отыр – яғни, cудың жадысы бар болып шықты. Құдайдың қара суының кристалдары айналасында туындап жатқан түрлі жағдайлар, айтылған сөздер әсерінен өзгеріп отырады екен. Соңғы үлгідегі құрылғылар судың жадысындағы әр бір ұяшықта әр қайсысы өзін қоршаған ортамен әсерлесу түріне жауап беретін 440 мыңдай информациялық панель барын анықтап отыр. Осы панельдер адам бойындағы ашу, ыза, кек секілді кері эмоциялардың энергетикасын сіңіргенде судың кристалдары ретсіз тәртіппен орналасып, оны пайдаланған адамның психологиясын күйрететін «ауыр» су пайда болады екен. Осыдан келіп зерттеушілер, қылмыс атаулының деңгейі былапыт сөз, арсыз әңгіме көп айтылатын жерде жоғары болатынын айтады. Қарап отырсақ, судың химиялық құрамында тұрған ештеңе жоқ, әңгіме оның кристалдарының түзілуінде болып отыр. Анттасатын кезде бабаларымыздың ант су ішетін рәсімінің арғы жағында осындай сырлардың жатуы да мүмкін.
Қазан сыртындағы жазулардың бірінші қатарында жазылған Құранның «Тәубе” сүресінің он тоғызыншы аятынан және Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен оның суға арналғандығын аңғаруға болады. Аят: «Сендер, зияратшылардың шөлін қандырғанды, мешіттерді жөндеуді; Аллаға, ахирет күніне сеніп, және Алла жолында соғысқан кісі сияқты көресіңдер ме?» десе, хадисте «Айтты Пайғамбар (оған Алланың нұры жаусын): Алла жолында құдық қаздырып, мешіт салғандарға ол дүниеде Алла үлкен хауз орнатады» делінген. Бұл жердегі әңгіменің астары сөзсіз, адамға «қызмет» туралы болып жатыр. Жақсылығы өз басынан артылмаған адам Құдайға құл болып қатырмайды. Адамзат, бірін-бірі алаламай, жақсы- жамандығына, дінсіздігіне, ұлтына қарамай қолынан келген көмегін беріп кете беру арқылы ғана мінсіз қоғам құра алады идеясы жатыр.
Екінші қатардағы «Әлә, Әл-мүлки Лилла» деп «куфи» қолтаңбасымен жиырма рет қайталанып жазылған сөздің аудармасы: «Байқаңдар, Мүлік Алланыкі!» делінген. Мұны Абайша айтар болсақ:
Адам ғапыл, дүниені дер менікі.
Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі!
Тәнің кетіп, малың кетіп,
жан қалғанда,
Сонда, ойла, болады не сенікі?
Адамның қол астындағы иелік етіп жүрген мүлкінің бәрі бір Құдайдікі екендігіне дәлел оның құр алақан келіп, құр алақан кетуі болса керек. Тірі кезінде тұтынған, пайдасына асырған заттың бәрі Жаратушының адамға белгілі бір уақыт ішінде пайдалануға берген аманаттары. Аманат деп, уақытша берген біреудің затын айтады. Сонда, денсаулық, жайқалып тұрған мына табиғат, отан т.т. Құдайдың адам баласына берген аманаттары болса, оларға жасалған қиянат Құдайдың аманатына қиянат болып шығады. Ғажабы, бір-ақ ауыз сөздің астарында адамның қоғаммен ара-қатынасы қандай болу керектігі бекітілген. Халқымыздың «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңрісі бар» дейтін мақалының келтірген теңеуі мұндай түсінік дана бабаларымызға әуелден жат болмағанын байқатады. Бір аңызда, Әмір Темір қайтыс боларында: «Менің жаназамды шығарарда екі алақанымды ашып қойыңдар. Өзіммен бірге әкетіп бара жатқан ешқандай мүлкім жоғын, менің жасаған бүкіл жорықтарым, ел жаулап, олжа табу үшін емес, Құдайдың әділдігін орнату мақсатында болғанын ел көрсін», – деген екен. Содан оны балға салып, алақанын ашып қойып, өзінің айтуымен Самарқан жеріне апарып жерлеген екен.
1935 жылы тайқазанды Санкт-Петербургтегі атақты музей Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халқаралық конференциясына алып кетеді. Жарты ғасырдан астам уақыт сонда тұрып, 1989 жылы, қыркүйектің 18-де ғана тарихи отанына қайтарылады. Бұл істе, мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті, ғалым этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың сіңірген еңбегін айрықша атап өткен жөн. Асқақ мәдениетіміздің заттай айғағы болған Тайқазанды осылайша басыбайлы Иран мәдениетінің еншісіне ұстатып жіберудің астарында білместіктен гөрі кезекті орталықтандырылған саясаттың лебі жатқан сияқты. Мұндай әрекет (тарихты бұрып, сананы тұмшалау) «Орыс ориенталистерінің» иығына артылған жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі болатын. Шындығында, Иранның ұсталарын жалдап, ақысын төлеп құйдырғаны ғана болмаса, жоғарыда айтқандай, бұл көнеден келе жатқан төл дәстүріміз болатын. Мысалы, қазіргі кезде Қытай кәсіпкерлері коммерциялық мақсатта тәспінің, жайнамаздың т.б. мұсылман қауымының тұтынатын заттарының неше түрлерін шығарып жатыр. Осыған қарап, ол заттарды қытай халқының ұлттық қол өнерінің бұйымдары деп айтуға келмейді ғой.
Бұл күнде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналып келген, рухани астанамыз – киелі Түркістан қаласындағы әулиелердің сұлтаны Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.
Данияр Садуақасов, Түркістан