Мақтаарал ауданындағы су басу салдарын жою жөнінде үкіметтік комиссия құрылды

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Қазіргі кезде Мақтаарал ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб жұмыс жүргізуде

НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Маминнің өкімімен Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты. 

Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалық етуімен комиссия құрамына орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының басшылары кірді. 

«Комиссия алдына келтірілген залалды бағалау және су басу салдарын жою, инженерлік, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету міндеттері қойылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің жарылуы салдарынан Түркістан облысындағы он елді мекенді су басып қалды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апат салдарынан аймақтың 22 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланғанын хабарлады.

Мамандардың пікірінше, 3,6 мың гектар егіс алқабын су шайып, алдын ала есептелген шығын көлемі шамамен 404 миллион теңгені құрайды деп бағалануда.

Оқи отырыңыз: Өзбекстанда бөгет бұзылды: Түркістан облысындағы екі ауыл су астында қалды

1 мамыр күні Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан көрші елдің ауыл-аймақтарына төнген апатты сейілту мақсатында, судың негізгі жүйесінен таралатын барлық каналдардың шлюздерін ашқан.

Қазіргі кезде Мақтарал ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылып, жұмыс жүргізуде.



sputniknews.kz