Шығыс Қазақстан облысы мамырдың басында әуе қатынасын ашады – әкім

0

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өтінішін қарап, шешім шығарады

НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы мамыр айының басында әуе қатынасын қайта ашады, деп мәлімдеді өңір басшысы Даниал Ахметов.

Sputnik Қазақстан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, бұл шешім әлі қабылданбағанын анықтады.  

Оқи отырыңыз: Министр әуе тасымалы қалай жүзеге асырылатынын айтты 

Даниал Ахметовтың айтуынша, күн сайын Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Өскеменге дейін және кері қарай екі рейстен қатынайды. Сондай-ақ, «Нұр-Сұлтан – Семей», «Алматы – Семей» бағыттары бойынша бір рейстен ұшады.

«Мен бүгін мемлекеттік комиссияның төрағасы, еліміздің премьер-министрі Асқар Маминнен Шығыс Қазақстан қалалары мен Нұр-Сұлтан, Алматы арасындағы ішкі авиарейстерді ашуға рұқсат беруін сұрадым. Осылайша, біз мамыр айының басынан облыстар арасында елімізде алғашқылардың бірі болып әуе қатынасын қайта ашамыз», — деп жазды әкім Instagramдағы парақшасында.

Бұл мәселе мемлекеттік комиссияның отырысында қаралады, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы рейстер

1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуе қатынасы ашылады.

Күніне төрт рейс ұшады деп жоспарлануда: «Эйр Астана» әуекомпаниясының екі, Fly Arystan-ның бір және SCAT-тың бір рейсі.

Билет қазірдің өзінде сатылып жатыр. Қазақстанның әуекомпаниялары шетелге билет сата бастады.

Ұшпас бұрын алдын ала коронавирусқа ақылы ПЦР-тест тапсыру керек. Қызмет құны шамамен 20 000 теңге (46 доллар) болады.

Жолаушылар мен экипаждан бетперде мен медициналық қолғап кию, антисептиктер алып жүру және қашықтықты сақтау талап етіледі.

Балаларға жалпы негізде ұшуға рұқсат етіледі.



sputniknews.kz