«Науқастардың 90%-і коронавирус табылғандармен байланыста болғандар» – Бекшин

0

Соңғы сегіз күнде ауруды жұқтыру өсімінің орташа көрсеткіші – 6,6%. Бұл жақын арада жағдай тұрақтанып, күн сайынғы өсім төмендейтінін көрсетеді

АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Алматыда соңғы тәулікте коронавирус анықталған науқастардың 90%-і бұған дейін инфекция жұқтырғандармен байланыста болғандар. Бұл жайында Алматы қаласы мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Жаңадан анықталған науқастардың 90%-і бұған дейін коронавирус табылғандармен байланыста болғандардан табылды. Яғни, белсенді түрде науқастарды анықтау бойынша жұмыстың жүргізіліп жатыр деген сөз. Бұл науқастарды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді және індетке қарсы іс-шараларды жүргізуге көмектеседі», – деді Бекшин.

Оның айтуынша, жақын арада жағдай тұрақтанып, инфекция жұқтырғандар бойынша күн сайынғы өсім төмендейді.

«20 сәуірде күн сайынғы инфекцияны жұқтыру өсімі 15,6%-ті көрсетсе, ал сенбіде (25 сәуір – Sputnik) бұл көрсеткіш – 2,2%. Жалпы соңғы сегіз күнде ауруды жұқтыру өсімінің орташа көрсеткіші – 6,6%. Жақын арада жағдай тұрақтанып, күн сайынғы өсім төмендейді деп ойлаймын», – деді ол.

Айта кетейік, қалада науқастармен байланыста болғандардан коронавирусқа тест алу қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаланың 41 мың тұрғынынан ПТР тест алынды, 21 мың адам экспресс тест тапсырды.



sputniknews.kz