28, 29, 30 сәуірге арналған ауа райы болжамы

0

Қазгидромет 28-30 сәуір күндеріне ауа райы болжамын ұсынып, бірқатар өңірде дабылды ескерту жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Синоптиктердің болжамынша, алдағы үш күнде Қазақстанда ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазгидромет ақпаратынша, атмосфералық ағымдардың әсерінен елдің басым аумағында жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Найзағай ойнап, тұман түсіп, жел күшеюі мүмкін, бұршақ түседі деп болжануда.

«Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында жаңбырға байланысты ыстық бәсеңдейді. Қара теңіз аудандарынан антициклон ығысып, соның әсерінен жауын-шашын біртіндеп тоқтап, ауа температурасы аздап төмендейді», — делінген хабарламада.

Дабылды ескерту

Сонымен қатар, синоптиктер 28 сәуірде бірқатар өңірде дабылды ескерту жариялады.

Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде күндіз жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Түнде және таңертең тұман күтіледі,  найзағай жарқылдайды. Күндіз желдің күші 15-20 м/с баруы мүмкін.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның қай облыстарын су басуы мүмкін

Петропавл қаласында 28 сәуірде найзағай ойнайды.  

Ақмола облысында – қатты жаңбыр, тұман, найзағай. Күндіз кей жерлерде бұршақ түсуі ықтимал. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін барады. Көкшетауда найзағай жарқылдап, түнде және таңертең тұман басады.

Нұр-Сұлтан қаласында да – найзағай, күндіз бұршақ.

Қостанай облысының кей жерлерінде найзағай, тұман болжануда. Батыстан 15-20 м/с жел соғады. Қостанай қаласында түнде және тәңертең тұман түседі.

Карағанды облысында – найзағай, дауыл, қатты жаңбыр. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, кей жерлерде екпіні 15-20 м/с жетеді. Қарағанды қаласында найзағай және жел күтіледі. Желдің екпіні 18 м/с құрайды. Жезқазғанда найзағай ойнап, жел күшейеді.

Түркістан облысында күндіз қатты жаңбыр, найзағай, дауыл және жел болжанып отыр. Желдің күші 23-28 м/с дейін баруы мүмкін.

Тағы оқыңыз: Ғалымдар 2020 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болатынын айтты

Шымкентте түстен кейін қатты жаңбыр, найзағай, дауыл күтіледі. Солтүстік-батыстан күші 15-20, екпіні 23 м/с жел соғады.

Түркістан қаласында таңертең және күндіз найзағай жарқылдап, дауыл көтеріледі. Желдің екпіні 23 м/с құрайды.

Қызылорда облысында жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Найзағай ойнап, дауыл көтеріледі, күндіз бұршақ түседі. Желдің жылдамдығы кей жерлерде 23-28 м/с баруы мүмкін.

Жамбыл облысында таңертең және күндіз желдің екпіні 23-28 м/с жетеді. Кей жерлерде найзағай, бұршақ күтіледі.

Таразда желдің жылдамдығы кей уақытта 23 м/с дейін барады. Кей уақытта найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін.



sputniknews.kz