Денсаулық сақтау министрлігі қай жерде бетперде тағып жүру керек екенін айтты
Медициналық бетперде адам ағзасына инфекция түсірмеуге көмектеседі. Бетперде тағудың да өз талаптары бар екені айтылды
АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев адамның жасына қарамай, көшеде де медициналық бетперде тағуға кеңес берді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, медициналық бетперде адам ағзасына инфекция түсірмеуге көмектеседі.
«Егер сіз ғимарат ішінде, дәріханада, сауда орталығында, дүкенге барсаңыз, міндетті түрде медициналық бетперде тағуыңыз қажет. Сонымен қатар көліктің ішінде де бетпердесіз отыруға болмайды. Сондай-ақ, дені сау адам коронавирус инфекциясы болуы мүмкін адамға көмек көрсеткен кезде, бетперде тағуға міндетті», — деді ол.
Сонымен қатар түшкіру, дене қызуының көтерілуі секілді ауру белгілері бар адамдар бетперде тағуы керек.
«Бетпердені жабық үй-жайдан тыс жерде де тағып жүру ұсынылады, бұл тұрғындар арасында инфекция жұқтыру қаупін азайтуға көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, адам әр 3-5 минут сайын кем дегенде бір рет бетін ұстайды, бұл ауру жұқтыру қаупін арттырады. Осы тұста біз медициналық бетпердені адамның жасына қарамастан тағуды ұсынамыз», — деді ол.
Айтуынша, бетперде тағудың да өз талаптары бар.
«Біз адамдар арасында аузын ғана жауып, мұрнын ашып жүретіндерді, жиі ауыстырмайтындарды да көріп жүрміз. Талапқа сәйкес, бетпердені әр 2-3 сағат сайын ауыстырып отыру қажет. Жалғыз бетперденің құтқармайтынын да түсінген жөн, барынша адамдардан алшақ жүруге тырысу керек. Өзін оқшаулауға дағдылану қажет және қолды жиі жуып, антисептик пайдалану керек»,- деп түсіндірді ол.
Тағы оқыңыз: Тоқаев төтенше жағдай режимін ұзартатынын мәлімдеді
sputniknews.kz