Тоқаев елдегі карантин талаптары қалай жеңілдетілетінін айтты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев карантин шаралары қалай жеңілдетілетінін түсіндірді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

«Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын. Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады. Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды», — деді Тоқаев өз үндеуінде.

Оның айтуынша, бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет.

«Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн. Кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі. Бұл орайда барлық деңгейдегі әкімдіктердің рөлі айтарлықтай артады», — деп атап көрсетті Тоқаев.

Президент карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ерекше атап өтті.

«Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді», — деді мемлекет басшысы.

Айта кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. 



sputniknews.kz