Ресей мен Қытай өзара көмектің жаңа жүйесін құруды көздейді
Ресей өзбек елінен жіберілген гуманитарлық көмекті зор алғыспен қарсы алды. Өзбекстан өзі коронавируспен күресіп жатса да, бес миллион маска және медициналық дәке беріп жіберді
Осы жаңалық сан алуан өткір мысқыл мен келекеге себеп болды. «Ресей ұлы держава болса да, өзін медициналық материалдармен қамтамасыз ете алмай отыр. Енді, көршілердің көмегін алуға мәжбүр» деген пікірлер айтыла бастады. Алайда ондай адамдар маңызды бір мәселені түсінбейді. Осы орайда бірнеше оқиғаны еске алған жөн.
Наурыздың басында Ресей қайтарымсыз негізде Өзбекстанға коронавирусты анықтайтын мыңдаған тест беріп жіберді. Ондай көмек Орталық Азияда бірнеше мемлекетке жасалды.
Өзбекстан болса, Ресейге ғана көмектескен жоқ. Екі ай бұрын Ташкент Қытайға гуманитарлық көмек жіберген болатын. Ол кезде көрші елде коронавирус шарықтау шегіне жеткен. Бейжің ол көмекті қабылдап, зор алғысын білдірді. Ал бір жарым айдан кейін Қытай өзбек еліне гуманитарлық жүк жіберді.
Оқи отырыңыз: Ресей АҚШ-қа гуманитарлық көмек жіберді
Ресей мен Қытай арасындағы өзара көмек те солай. Ақпан айында Қытайға екі миллион маска жіберілсе, бірнеше апта бұрын Ресейге де көмек жеткізілді. Ондай шаралар жүк айырбаспен ғана шектелмейді. Бұған дейін Қытайға ресейлік мамандар барса, жақында Ресейге қытайлық дәрігерлер келіп кеткен. Біреулер осы сипаттағы өзара көмектің мәнін түсінбеуі мүмкін. Бірақ оның астарында қалыпты гуманитарлық механизмді қайта қарап, өзгертуге деген ұмтылысты байқауға болады.
Қазіргі гуманитарлық көмектің әлемдік тұжырымдамасы бір түрлі болып кетті. Кей кезде екіжүзді, тіпті, ұсқынсыз сипатқа ие.
Біріншіден, гуманитарлық көмек біркелкі сценариймен жасалады. Бір мемлекет техногендік, я болмаса, табиғи апатқа тап болса, ондай қиындықпен кездеспеген басқалар оған көмектесіп отырады. Алайда қазіргі COVID-19 пандемиясы барлығына бірдей үлкен дағдарысқа себеп болды. Осындай сынақта әрбіреудің шын бет-бейнесі көрініп қалады. Мәселен, Батыста мінсіз мораль үлгісі болған кейбір мемлекеттер еш шімірікпей, басқа біреулердің медициналық тауарларын қағып әкеткен. Ар-ұятқа да қарамайды.
Екіншіден, гуманитарлық көмектің өзіндік шарттары мен шектеулері бар болып шықты. Біреулер көмек алсам, өзімнің әлсіз екенімді көрсетіп қоямын деп қорқады. Енді біреулер тек одақтастардың көмегін ғана алған дұрыс деген ұстанымда. Ал одақтастарға кірмейтіндердің ұсынысына сенімсіздікпен қарайды, қауіп-қатер көреді. Мысалы, 2016 жылы ресейлік өрт сөндірушілер Португалияға көмектесті. Екі жылдан кейін Грекия да тура сондай қиындыққа тап болды. Алайда Мәскеудің ұсынысынан бас тартты.
Қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында ұлттық мүддені емес, өзара көмекті ойлаған дұрыс. Мысалы, Қытай экономикалық алпауыт болса да, ақпан айындағы эпидемия кезінде барлық көмекті қабылдады. Ал жағдайы жақсарғаннан кейін басқаларға көмектесуге кірісті.
Қазіргі гуманитарлық көмектің тұжырымдамасы саяси жүйенің айнасы іспеттес. Кейбір мемлекеттер шығынға батса да, одақтастарға кірмейтін елдерден көмек алмауға тырысады. Сөйтіп, АҚШ гегемониясымен бірге қатаң иерархияны сақтап келеді. Сол сияқты Америка да Кубаның көмегін ешқашан алмайды. Себебі ондай әрекет ұлы державаның әлсіздік танытуымен бірдей болады.
Дегенмен, Ресей мен Қытай олай ойламайды. Керісінше, қазіргі кезде COVID-19 вирусына қарсы ұжымдық күрес керек. Сөйтіп, иерархиялық ойынсыз әрі әріптестік негізде тең дәрежелі жаңа жүйені құруды көздейді.
sputniknews.kz