Ресей коронавирусқа қалай төтеп бермек: Путин кеңес өткізді
Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекеттің басты міндеті. Ресей президенті эпидемияның экономикаға және адамдардың табысына әсерін азайту қажет екенін атап өтті
АЛМАТЫ, 20 сәуір – Sputnik. Ресей коронавирустың таралуын тежей алады, алайда инфекцияның шарықтау шегі әлі алда деп болжанып отыр. Бұл жайында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бойынша өткен кеңесте мәлімдеді.
«Жағдай күрделі болып қала береді. Өкінішке қарай індет әлі де таралып жатыр. Коронавирус бірінші науқас анықталған Мәскеуде ғана емес, басқа өңірлерде де өршіп тұр. Алайда жағдайдың солай боларын біз бен сіз білдік», -деді Путин.
Президент алдын алу шараларының арқасында бұл процестің тежелгенін, алайда елдің 85 аймағына аурудың тарап кеткенін атап өтті.
Бірінші орында – адамдардың өмірі
Ресей президенті азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекеттің басты міндеті екенін, эпидемияның экономикаға және адамдардың табысына әсерін азайту қажет екенін атап өтті.
«Сараптамалық пікірге сүйене отырып, салалар, жеке кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысында барынша қауіпсіз режимді қолданамыз. Экономиканы толығымен тоқтату мүмкін емес, сол себепті аса сақтықпен жұмыс істейтін боламыз. Алайда індеттің жұмыспен қамтуға, азаматтардың табысына кері әсер етуін азайту қажет. Қазір адамдарды осы мәселелер қатты толғандырады», — деді Путин.
Ресей коронавирустың шарықтау шегіне дайындалып жатыр
«Өзге елдердегі жағдаймен салыстырып, барлық ақпаратты мұқият талдайтындарыңызды білемін. Қорытындылар эпидемияның бірінші кезеңінде міндеттерді шеше алғанымызды көрсетті. Нақты айтар болсақ, инфекцияның таралуы бәсеңдеді», — деді Путин.
Сонымен қатар мамандардың айтуынша, инфекцияның шарықтау шегі әлі алда. Соған сәйкес Ресей президенті барлық бағыт бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтты.
Ресей қашан вакцина ойлап табады?
Сонымен қатар жиын барысында Путин вирусқа қарсы отандық вакцинаны ойлап табу ісіне қызығушылық танытты.
«Осы бағытта қандай күрделі, қажырлы ғылыми ізденістер жүргізіліп жатқанын жақсы түсінемін. Мұндай кезде болжам жасау қиын, тіпті мүмкін емес. Вакцина ойлап табу ғана емес, оның тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденуі тиіс. Зерттеушілерге орасан жауапкершілік жүктелді», — деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Путин өз сөзінде ауруды кез келген адам жұқтыруы мүмкін екенін, сондықтан медицина қызметкерлері барлық жастағы адамға және созылмалы аурулары бар науқастарға тиімді көмек көрсету үшін іс-қимыл алгоритмдерін алдын ала дайындауы қажет екенін айтты.
«Жүкті әйелдер ерекше назар аударуды талап етеді. Әрине, балалар, соның ішінде жаңа туған нәрестелер де бар», — деп нақтылады ол.
Ресейдегі коронавирус
Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Ресейдің 85 өңірінде 47 121 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. 405 адам қайтыс болды, 3 446 адам аурудан жазылды.
Бір тәулік ішінде Ресейде 4 268 адамнан коронавирус анықталды. Мәскеуде 2 026 адам инфекция жұқтырған.
sputniknews.kz