Қандай елдерде мемлекет басшысы құрметіне арналған мерекелер бар?
АҚШ
Америкада ақпанның үшінші дүйсенбісі – Президент күні. Мерекені АҚШ конгресі 1971 жылы белгіледі. Оған дейін бұл күн 1885 жылдан бері 22 ақпанда “Вашингтон күні” ретінде тойланып келді. Бірақ АҚШ-тың 37-президенті Ричард Никсон 1971 жылдан кейін бұл мерекені Джордж Вашингтонның ғана емес, АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольннің де құрметіне арнап, мерекелер туралы заңға өзгеріс енгізді.
Президент күні Вашингтон музей-үйінде қойылымдар мен басқа да салтанатты шаралар болады. Қонақтарға бал мен май қосылған жүгері табананы ұсынылады.
Ұлыбритания
Ұлыбританияда Англия монархының туған күні аталып өтеді. Дәстүр бойынша көбіне маусым айының екінші сенбісінде тойланады. Бұл дәстүрді XX ғасырда ағылшын королі Эдуард VII қалыптастырған. Туған күні күзде болғанымен король мерекені жазда атап өтуді жөн көрген.
Монархтың туған күнінде мемлекеттік мекемелерде ту ілінеді. Англия резиденциясы -Whitehall-да салтанатты парад өтеді.
Қазіргі уақытта Англиямен қатар 15 елге патшайым болып отырған ІІ Елизаветаның құрметіне арналған күн де бар. Мысалы, Австралия мен Жаңа Зеландия бұл мерекені маусым айында атап өтеді.
Исландия
Исландия Президент күнін 14 мамырда тойлайды. Себебі 1943 жылы дәл осы күні елдің бесінші президенті Оулавюр Рагнар Гримссон дүниеге келген. Ол 1996 жылдан бастап бес рет президент болып сайланған.
Президент күнінде Исландия халқы ойын-сауық бағдарламалары мен түрлі мерекелік шараға қатысып, спорттық сайыстар ұйымдастырады. Бұл күн Исландияда “Ту күні” деп те аталады. Себебі мерекеге орай жер-жерде мемлекеттік ту көтеріліп, гимн шырқалады.
Нидерланды
Әлі күнге дейін монархиялық жүйемен басқарылатын Нидерланды халқы 27 сәуірде Король күнін тойлайды. Себебі бұл күн – Голландияның қазіргі королі Уиллем-Александрдың туған күні.
Бұл күні жұртшылық қызғылт-сары түсті киіммен көшеге шығып, қара базарда өздерінің кез келген тауарын өздері қалаған жерде сата алады. Бұл мерекеде сатушылар қосымша құн салығынан босатылады. Сонымен қатар сан бояулы карнавал мен отшашу болады.
Фото: Shutterstock
Ангола
Ангола – Президент күнін ерекше атап өтетін мемлекеттердің бірі. Африканың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекетте жыл сайын Ұлт батырлары күнін тойлау айнымас дәстүрге айналған. Мереке 17 қыркүйектегі Анголаның тұңғыш басшысы Антонио Агостиньо Нетоның туған күніне белгіленген. Оның да өз себептері бар. Саналы өмірін елінің азаттығы мен бейбітшілік қалыптастыруға арнаған Антонио Агостиньо үлкен құрметке лайық саналады.
Мерекеге Ұлт батырлары күні деген атау беруінде де үлкен мағына жатыр. Бұл күні Ангола халқы елдің алғашқы президентіне ғана емес, Ангола мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрескен барлық батырға, әсіресе, 1975–2002 жылдары болған Азаматтық соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлеріне деген ризашылығын білдіруге тырысады.
Мерекені тойлаушылар тұңғыш президент пен оның соңына ерген жауынгерлерге тәуелсіздік жолындағы күресі үшін мадақ айтып, қошемет білдіреді. Содан соң елде спорттық шаралар, халықты рухтандыратын қызықты мерекелік кештер өтеді.
Маршалл аралдары
Елдің тұңғыш президенті Амат Кабуаның туған күніне орайластырылған мемлекеттік мерекені Маршалл халқы 17 қараша күні тойлайды.
Амат Кабуа 1979 жылы Маршалл аралдарының президенті болып сайланған. Маршалл аралдарының тәуелсіздігі үшін күрескен, билікті бес президенттік мерзім бойы қолында ұстаған саяси тұлғаны халқы мемлекеттің негізін қалаушы ретінде құрмет тұтады. Ол – Маршалл аралдарының президенті ғана емес, елдің ұлттық гимнінің авторы.
Ботсвана
Оңтүстік Африканың дамыған республикаларының бірі Ботсванада Президент күні – шілденің үшінші дүйсенбісі. Бұл мереке жоғары деңгейде әрі екі күн бойы тойланады. Мереке тәуелсіз Ботсвананың бірінші президенті – Серетсе Кхаманың құрметіне арналған. Ол – Бамангвато тайпасынан шыққан көсемдер ұрпағы. Оксфордта заңгер мамандығы бойынша білім алған. Серетсе Кхама Ботсвананы 14 жыл бойы басқарды. Осы уақытта ол сыбайлас жемқорлықпен күресіп, салықты төмен деңгейде ұстап, демократиялық режимді тұрақтандырды.
Түркия
Түрік елінде арнайы Президент күні белгіленбеген. Жалпыұлттық мейрамдардың ішінде 10 қараша 1938 жылдан бері Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу күні болып есептеледі. Дәл осы күні Түркия өзінің хас батырынан айырылды. Түрік Республикасының Тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал өзінің резиденциясында мәңгі ұйқыға кеткен. Сол уақыттан бері дәл осы күні, таңғы сағат 09-дан 5 минут кеткенде (оның өлімінің дәлме-дәл уақыты) бір минут үнсіздік жарияланады.
Түрікменстан
Түрікменстан халқы 1997 жылдан бері тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың құрметіне 19 ақпанда Ұлттық ту күнін атап өтеді. Сапармұрат Ниязов 1990 жылы қазан айында бүкілхалықтық тікелей дауыс беру арқылы Түрікменстанның тұңғыш президенті болды.
Түрікменстандағы бір қала, 100-ден астам кәсіпорын мен ұйым Сапармұрат Ниязовтың есімімен аталады. 2006 жылы дүниеден өткен президенттің бейнесі ұлттық ақша – манатқа басылған.
Тәжікстан
Тәжікстанда Президент күні 2016 жылдың 16 қарашасынан бері тойлана бастады. 1994 жылы дәл осы күні мемлекет басшысы Эмомали Рахмон өз лауазымына ресми түрде кіріскен. Енді бұл мереке әр жыл сайын тойланады. Дегенмен бұл демалыс күні емес.