«Дәрігерлердің жүйкесі жұқарды»: Алматы орталық ауруханасының жаңа басшысы желідегі сынға жауап берді — Қазақстан жаңалықтары
Алматы орталық қалалық клиникалық аурухананың жетекші міндетін атқарушы Марат Абдуллаев әлеуметтік желілердегі сынға жауап берді, деп хабарлайды, Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Марат Қияшев есімді азамат өзінің Facebook-тағы парақшасында дәрігерлердің жерге жатып ұйықтап, әкімшіліктің қысымына ұшырап жатқандығын ашып жазыпты.
«Медициналық қызметкерлер әбден шаршап, жүйкесі жұқарды. Ауруханада індетті жұқтырмаған қызметкерлердің саны күннен-күнге азаюда. Дәрігерлер жұмыс істегілері келмейді, ал бас дәрігер болса, қызметкерлерді рухтандырудың орнына жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді», — дейді ер азамат.
Айтуынша, дәрігерлерге оған қоса респираторлар үйлестірілмепті.
Алайда аурухана басшысы Марат Абдуллаев жеке қорғаныс құралдарының тапшылығы жоқ екендігін айтады.
«Сіз менің күн сайын бейтаныс қонақтармен тексеріс жүргізетініме тоқталыпсыз. Келіп жатқан адамдар — бізде методикалық және ұйымдастырушылық көмек көрсететін арнайы шақыртылған сарапшылар», — дейді бас дәрігер.
Медициналық қызметкерлер күн сайын тексерістен өтеді екен. Кейбір дәрігерлердің ауруы асқынып, мамандандырылған емханаға ауыстырылыпты.
Әкімдік пен құтқару қызметі ауруханаға 238 төсек-орын жеткізіпті.
«Nur Otan қалалық филиалы екі тонна су әкеліп берді. «Мен — Алматылықпын» қоры су, азық-түлік пен басқа да қажетті құралдарды жеткілікті көлемде бізге ғана емес, медициналық қызметкердің біразы жатқан «Көктем» шипажайына да тасып тұрады», — деп қосты ол.
Еске салайық, бұған дейін аталған ауруханада ақ халаттылардың жаппай ауру жұқтыруы тіркелген еді.
Бұл жағдайда байланысты қаланың экс-бас санитар дәрігері Айзат Молдақасымова дәрігерлердің өзін кінәлаған. Сөзінше, қызметкерлер сақтық шараларын сақтамапты. Алайда оның сөзіне ауру жұқтырған дәрігерлер наразы болып, бас санитар дәрігерге қарсы президентке арыз хат жолдапты.
Қазір дәрігерлердің коронавирусты қайдан жұқтырғаны анықталуда.
stan.kz