Түркістан облысы карантин режиміне ауысты — Қазақстан жаңалықтары
Түркістан облысында коронавируспен ауыратындар саны 50 адамнан асты. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау және тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында 2020 жылы 18 сәуірде сағат 00:00-де карантин режимі енгізіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ахуалдық орталықта төтенше жағдай туындағанда қандай шектеулер мен шаралар қолданылатыны туралы мәлімдеме жасады.
Атап айтқанда, көрші облыстармен шекарадағы санитарлық бақылау бекеттерінің жұмысы күшейтіледі. Қалааралық, ауданаралық және ауыларалық қатынас шектеліп, қоғамдық және жеке көлік қызметтері тоқтатылады.
Облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қоғамдық орындар мен демалыс аймақтары, саябақтар жабылады. Сонымен қатар азық-түлік және киім-кешек базарлары, тұрмыстық тауарлар жұмысы тоқтатылады.
Алайда балаларға ойын алаңдарында немесе көпқабатты үйлердің аулаларында ойнауға тыйым салынады.
«Отбасылық мерекелерді, туған күндерді және үйлену тойларын тұрғылықты жерінде өткізуге шектеу қойылды. Үш адамнан асатын топтарға көшеде және қоғамдық жерлерде жиналуға тыйым салынады. 65 жастан асқан азаматтар оқшаулануы керек, үйден шықпауы керек. Тұрғындарға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін үйлеріне жақын орналасқан дүкендер мен дәріханаларға баруға рұқсат етіледі. Азық-түлік дүкендерінің жұмысы 9-дан 20:00 сағатқа дейін шектеледі», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Рұқсаты бар адамдар, азық-түлік пен тұрғындардың өмір сүруіне қажетті материалдар, өнеркәсіптік тауарлар, құрылыс, дәрі-дәрмектер мен көктемгі егіске арналған материалдар, сондай-ақ медициналық көмекке мұқтаж азаматтар аймаққа кіріп, шыға алады.
Құрылыс индустриясы, көктемгі егіс жұмыстары, жұмыспен қамтудың жол картасы және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантин режиміне қарамастан қалыпты режимде жұмыс істейтінін атап өткен жөн.
stan.kz