Түркістанның бұрынғы әкімі Әліпбек Өсербаев қайтыс болды

0

Өмірінің соңғы күніне дейін Ордабасы ауданының әкімі болып жұмыс істеген мемлекеттік қызметкер 17 сәуірде дүниеден озған

НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Түркістан облысы Ордабасы ауданының басшысы, Түркістан қаласының экс-әкімі Әліпбек Өсербаев 58 жасында қайтыс болды. Мемлекеттік қызметшінің неден көз жұмғаны облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында айтылмаған.

Әліпбек Өсербаевтың кенеттен қайтыс болғаны туралы «Южный Казахстан» өңірлік басылымы хабарлады.

«Халықтың мүддесін әрқашан бәрінен жоғары қойған мемлекеттік қызметші, Ордабасы ауданының әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев өмірден озды. «Южный Казахстан» газетінің ұжымы марқұмның отбасына және жақындарына қайғырып көңіл айтады», — делінген басылымның сайтында жарияланған хабарламада.

Бұрынғы мәжіліс депутаты Қамал Бұрханов өмірден озды 

Әліпбек Өсербаев 1961 жылы 20 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында (Қазіргі Түркістан облысы) дүниеге келген. Инженер-химик-технолог мамандығы бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын Қарағанды ​​асбест цемент зауытының машинисі болып бастады.

Әр жылдары цех бастығы, Түркістан қаласындағы құрылыс бөлшектері мен конструкциялары комбинатының бас инженері, «Қуат Суиндустрия» АҚ, «KazakhConstruction Industry» АҚ металл емес материалдар комбинаты филиалдарының директоры, Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму бөлімінің бастығы,Түркістан қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

Ордабасы ауданын 2019 жылдың шілдесінен бастап басқарды.



sputniknews.kz