Министр 42 500 мың теңге алғандарды соттайды екен деген әңгімеге жауап берді
Қысқа сілтеме алу
Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай болмаса да, халықтың басым бөлігінің табысы төмен екенін, сондықтан қарапайым, таза халықты артынан ешкім тексеріп жатпайтынын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook-тегі парақшасында 42 500 теңге әлеуметтік төлемді заңды жолмен алғандарды ешкім сотқа сүйремейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Нұрымбетов біраз заңгер алаяқтық жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы мақала, не жазба жариялап жатқанын атап өтті. Оны 42500 теңгемен байланыстырған.
«Заңгер болған соң заңды бізден артық біледі ғой, олардікі дұрыс та шығар, бірақ бұл тек алаяқтарға қатысты», — деп жазды ол.
«Мен брифингтерде, жазбаларымда айтқандай, өздеріңіз «мен жұмыс істеп (ресми, бейресми), ақша тауып жүр едім, төтенше жағдайға байланысты сол табыстан айырылдым» деп шештіңіздер ме? Кейін мен ескерткендей, өтініш беретін кезде төмендегі жазбаны тағы да оқып, растап, сөйтіп барып өтініш жібердіңіз бе? Ондай болса, Сіз айттыңыз, біз сендік. Сіз алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік. Сол үшін кінәлайды деп еш уайымдамаңыздар», — деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.
Министр бұл қайдан шыққан әңгіме екенін баяндап берді. Айтуынша, соңғы брифингте бір журналист «мен жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып жүрген адам 42500 теңге алғанын білемін, оны қалай өткізіп алдыңыз?» деп сұраған.
«Мен оған біз өтініш беру тәртібін халықтың сұрауы, талабы бойынша барынша қарапайым етіп жасадық, жұмыс беруші өтінішінде қызметкерлерімді ақысыз демалысқа жібердім деп көрсетті, біз оған сендік. Ал олай болмаса, жұмыс беруші жауап береді, оны біз кейін тексеріп аламыз деп жауап қайтардым. Брифингті көргендер растайтын шығар. Жалпы дұрыс емес пе?», — дейді министр.
Нұрымбетов артынша ешкім өтініш берген халықтың үйін аралап тексермейтінін де жеткізген.
«Халық 42500-ге өтінішін еріккеннен беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да, басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым, таза халықты артынан тексеріп жатпаймыз», — деп түйіндеді ол.
sputniknews.kz