Түркістан облысында студент қызды сатпақ болған адам ұсталды
Полиция қызметкерлері күдіктіден айғақ зат ретінде миллион теңге ақшаны тәркілеп алды. Тергеу жүргізіліп жатыр
НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері кәмелетке толмаған қыз баланы сатпақ болған адамды ұстады.
13 сәуірде Түркістан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасына бір әйел хабарласып, кәмелетке толмаған баланың жыныстық қызмет көрсету үшін сатылғалы жатқанын айтқан.
Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Түркістан облысы ПД КПБ және Сайрам АПБ-ның қызметкерлері Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы қонақ үйлердің бірінде кәмелетке толмаған қызды сату кезінде Шымкент қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Кәмелет жасына толмаған қыз мегаполистің тұрғыны, оқу орындардың бірінің студенті болып шықты. Полиция қызметкерлері күдіктіден айғақ зат ретінде миллион теңге ақшаны тәркілеп алды», — делінген хабарламада.
Тергеу барысында күдіктінің бұрын осы жас қызды бірнеше рет жыныстық қызмет көрсету үшін ұсынғаны анықталды. Жеңгетайлық келіссөздерді телефон арқылы жүргізіп, клиенттерге мессенджермен кәмелетке толмаған қыздың суретін көрсетіп отырған. Клиенттерден ірі көлемде ақша сұрап, келісуден кейін кездесуді ұйымдастырып отырғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Түркістан облысының полицейлері істің толық мән-жайын және күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
sputniknews.kz