«Дәретханаға шықпау үшін су ішпеуге тырысамыз»: Коронавирусқа шалдыққандармен жұмыс істеп жатқан мейіргер қазіргі өмірі туралы айтып берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Нұрсұлтан Ғаниұлы елордада мемлекттік Көпсалалы медициналық орталықта коронавирус жұқтырған науқастар жатқызылған жансақтау бөлімінде жұмыс істеп жатыр. Stan.kz-ке берген сұхбатында мейіргер коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыстағы сақтық шаралары жайлы, адамдарға деген реніші және мотивацияны неден алатыны жайында айтып берді.

Нұрсұлтан 2014 жылы елордада Мемлекеттік медициналық коледжді бітірген. Осы уақытқа дейін жұмыс істеген ЖШС BBNURA компаниясының қолдауымен қазіргі уақытта Көпсалалы медициналық орталықта коронавирус жұқтырған науқастар жатқызылған жансақтау бөлімінде жұмыс істеп жүр.

— Нұрсұлтан, коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Мұнда мейіргер болып 28 наурыздан бастап жұмыс істеп келемін. Осы уақытқа дейін мен жұмыс істеген ЖШС BBNURA компаниясының қолдауымен қазіргі уақытта осында ауыстым. 

— Қауіпті вирусы бар науқастарға көмектесемін деген шешімге келуге не себеп болды?

– Пандемия басталған кезде осы жерде науқастармен жұмыс істеуге қызығушлық пайда болды, сол себепті осында өз қалауыммен, еркіммен келдім. Менің басшылығым осы ойымды жүзеге асыруға көмектесті. Вирус жұқтырған науқастар біреудің танысы, жақыны. Дәл сол жерде өзіңіздің танысыңыз, досыңыз болуы мүмкін. Сол үшін керісінше олармен жақынырақ араласып, психикалық көмек көрсеткен маңызды деп ойлаймын.

Не себепті жансақтау бөлімінде жұмыс істегіңіз келді?

– 2014-2019 жыл аралығында жансақтау бөлімінде жұмыс істеп келдім. Себебі, шынымды айтсам, маған басқа бөлімде жұмыс істеу, осы жерде жұмыс істегендегідей мотивация бермейді. Жағдайы нашар, хәлі ауыр адамдарға көмектесу ерекше эмоция береді. Олардың ойы, өзін-өзі ұстауы мені қызықтыратын. Былайша айтқанда, жылдам көмек көрсету, экстремалды жағдайда жұмыс істеу ерекше құлшыныс сыйлайды. 

Мейіргердің басты қызметі — дәрігердің тағайындамасын орындау

Жансақтау бөлімінде жағдайы өте ауыр науқастар жатады: олар бізге өздері келмейді: хирургия, терапевтік бөлімдерден бізге жіберіледі. Коронавирус инфекциясының үш деңгейі болады: жеңіл, орта, ауыр. Ауыр деңгей кезінде науқаста демігу, тыныс алу қиындайды, дене қызуы қатты көтеріледі. Белгілер бойынша біздің бөлімге жіберіліп, алғашқы көмек көрсетіледі. Көмек уақытылы көрсетіліп, қайтадан өзінің бөліміне ауысқан науқастар болды. 

— Вирус жұқтырғандардың эмоциясы, жағдайы қандай болады? Қарым-қатынас жасау қиын емес па?

– Қасына барып, сөйлесіп, жағдайын сұрауға, әңгімелесіп, көңілін аулауға тырысамын.
Қасына барып сөйлескенде байқайтыным, вирус жұқтырған науқастардың өмірге деген құлшынысы төмендеп, адаммен қарым-қатынасқа түскісі келмейді. Олармен сөйлесіп, “Бұл вирус, одан жазылып жатқандар бар” деп айтып, түсіндіремін, рухын көтергім келеді. Өзім үшін осылай әрекет ету қуаныш әкеледі. Себебі келесі жолы жолыққанда науқас саған басқаша көзқараспен қарап, күлімдейді, эмоциясы өзгереді. Сонда мұның бәрі бекер емес екен деген тоқтамға келесің.

— Карантин уақытында дәрігерлер қандай қиындықтармен бепте-бет келіп жатыр?

– Обаға қарсы арнайы киім киіп, жұмысқа кірісіп кеткен соң, “Қиын ау, қолымнан келмей ме” деген сияқты ойға берілмеймін, кірдім бе, демек жұмысты орындауға міндеттімін. Қиындықпен бетпе-бет келген жағдайда, менің ұжымым бар, басшылығым бар, солармен бірлесе отыра, оны еңсеруге тырысамыз. 

— Сақтық шаралары қалай сақталып жатыр?

– Қажетті шаралардың барлығын жасаймыз. Лас аймақ және таза аймақ болады. Ортада киінетін аймақ — шлюз бар. Антисептик сеуіп, қолғап киіп, лас аймаққа өтесің. Сақтық шаралары сақталмаса, таза аймақққа өтуге болмайды.  

— Сіздің ойыңызша, дәрігерлер арасында вирус жұқтыру жағдайы өршіп кетуінің себебі не?

– Нақты айту қиын. Біреудің иммунитеті төмен болуы мүмкін. Жұмысқа кірген соң, істейтін жұмыстардың көптігі мен ауырлығынан кейде тамақ ішуді ұмытып кетуің мүмкін. Соның әсерінен, уақытылы тамақ ішпегеннен ағза әлсірейді. Сондықтан, тамақ ішуді ұмытып кетпеуге, уақытылы ішуге тырысамыз. Сондай-ақ, сақтық шараларын жүргузідің өзіндік алгоритмі болады. Оның дұрыс сақталмауы да бұған әсер етуі мүмкін.

Бұл дегеніміз, науқаспен жұмыс істеудің нақты ережелері болады. Яғни кезең-кезеңмен, алгоритммен жүргізіледі. Алгоритм бойынша жұмыс істеуге үлгере алмай, оны орындауға мүмкіндік болсай кірісіп кететін жағдайлар болуы мүмкін. 

— Жұмыс күні неше сағатқа созылады?

– Бір күн демалып, бір күн жұмыс істеймін, яғни 24 сағатқа созылады.

 Бір күнде неше науқкас қабылдайсыз?

– Белгілі-бір шек жоқ, Бір науқас болуы мүмкін. Мысалы, мен жұмыс істеп жатқан он үш күнде бір науқас болды, одан бөлек тағы бір 4 сәуірде түскен науқасты айтуға болады. Ем қабылдап, жағдайы жақсарған соң, 8 сәуір күні ол өзінің бөлімшесіне ауысты.  Біреу бір күн жатады, енді бірі он күн жатуы мүмкін. Демек, жағдайларына қарай әркімде әртүрлі.

— Жұмыста немен тамақтанасыздар, медицина қызметкерлеріне жағдай жасалған ба?

– Мен жұмыс істеп жүрген орталық тарапынан тамақпен қамтамасыз етеміз, одан бөлек, елімізге белгілі жұлдыздар, басқа да адамдар қайырымдылықпен айналысып, бізге азық-түлік жіберіп тұрады. Осы кісілерге алғыс айтамын, Алла разы болсын!

Науқасқа берілетін тамақтар, бізге де беріледі. Бірінші, екінші тағам деген сияқты. Сондай-ақ, медициналық қызметкерлері арасында Hilton қонақүйіне қызметкерлерін демалуға жіберіп отырады. 

— Дәрігерлерге психологиялық көмек керек деп ойлайсыз ба?

– Қазіргі таңда, бәлкім керек шығар, бір тәулік жұмыс істеп, 24 сағат демалу ауырлау секілді. Моральдық тұрғыда ойлайтын болсақ керек деп ойламын. Дегенмен, қызметкерлерге қарағанда науқастарға психологиялық көмек көбірек қажет. Себебі, олар ауруханаға түскенде өмірден түңіліп, психикалық тұрғыда негативті ойлауға икемденіп алады.

— Бір күндік жұмысыңыз қалай өтеді?

– 8-де кезекті қабылдаймын, шлюзде киім ауыстырып, санитарлық ережелерін сақтап, тазарту жұмыстарын жүргізіп, келесі бөлімге өтемін. Мүмкіндік болса, таңғы асқа шығамыз, егер болмаған жағдайда түскі асқа бір-ақ шығамыз. Обаға қарсы киімді кию соншалықты ұзақ уақытты алатындықтан, дәретханаға көп шықпау үшін су ішпеуге тырысамыз. Түскі аста шығып, тамақтанып, жарты сағаттай уақыттан кейін өз бөлімімізге бару үшін қайта киініп жұмысты жалғастырамыз. Кешкі асқа бір-ақ шығамыз. Лас аймақтан таза аймаққа өту, киім ауыстыру айтарлықтай ұзақ уақыт алады. Сондықтан жиі шықпауға тырысып, өзімізді көп нәрседен тыйып жүреміз. 

— Осы жағдайдан сабақ алып, денсаулық сақтау саласында қандай өзгерістер, реформалар жасау керек деп ойлайсыз?

– Жоғарыда отырған кісілерге сабақ болған шығар деп ойлаймын. Футбол мен саясатқа қарағанда, медицина қызметкерлеріне көңіл бөлсе деп ойламын. Осы уақытқа дейін медицина қызметкерлерін сынап, қаралап жатқан видеоларды көргенде ішім ашитын. Неге осындай жағдайлардың алдын алмайды деп ойлайтынмын. Әрине, бес саусақ бірдей емес, кәсібін өз деңгейде орындамайтындар бар шығар, дегенмен осындай видеолар ақ халаттылардың барлығына тиеді. Жақсы адамдар бар, олардың шымбайына батады. Мысалы, мен жұмыс істеп жүрген кезде маған науқас “Нұрсұлтан, рахмет!” деп бір ауыз айтса, жұмысқа деген құлшынысым артар еді. Ары қарай көмектескім келіп, не істесем екен, қалай жасасасам, науқасқа жақсы болады деп ойлаймын. Бір ауыз сөз үлкен күш қуат береді. Видеоларды көрген сайын адамдарға өкпе, реніш туады. 

 — Сіз мотивация, күшті қайдан аласыз?

– Орта жастағы ер адам бізде төрт күн болды, содан кейін палатасына жібердік. Сол кезде кетіп бара жатып: “Нұрсұлтан, рахмет!» деп, қолымды алып алғысын білдірді. Әрине, маған ғана емес, барлық ұжымға айтты ғой. Шын көңілмен айтып тұрғаны, көзінен көрініп тұрды. Ішіңнен елжіреп қаласың, “Шынымен-ақ, көмегім тиде ме?» деп. 

— Отбасыңызды соңғы рет қашан көрдіңіз? Оларды сағынған боларсыз…

– Отбасыма деген сағыныш сезімі міндетті түрде болады. Әке-шешем, інілерім бар. Күніне екі рет хабарласып тұрамын, алдыңғы күні қолым тимегендіктен, хабарласа алмай қалдым. Кейде үйге қайтып кеткім келеді. Видео арқылы сөйлескенде бәрін тастап кетіп қалғым келетін сәттер болады. 30-35-ке келсем де, әке шешенің орны бөлек болады ғой, олар әлемде қайталанбас жандар мен үшін. Бастапқыда ренжіп, “Неге ойламайсың бізді?” деп реніштерін білдірді. Кейіннен түсінді. “Байқап жүр” деп жиі айтады, сөйткенде, сағынып, көңілім елжірейді. Оларға бастаған нәрсені аяғына дейін жеткіземін деймін…

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

stan.kz