Балаға коронавирус туралы айту керек пе
Балаға індет туралы қалай айту керек, үйде отырудың маңыздылығы туралы қалай түсіндірген жөн — осы және басқа да сұрақтарға психолог мамандар жауап берді
АЛМАТЫ, 8 cәуір – Sputnik, Айгерім Таубай. Ауру адам таңдамайды. Оған әлемде тараған коронавирус инфекциясы дәлел бола алады. Бүгінде елімізде ауру жұқтырғандардың ішінде төрт айлық сәбиден 16 жастағы балаға дейін бар. Осындай сәтте ата-ана ең алдымен не істеуі керек, неше жастағы балаға вирус туралы айтуға болатыны жайлы Sputnik Қазақстан тілшісі балалар психологынан сұрады.
Неше жастағы балаға вирус жайлы айту керек
Отбасы және балалар психологы Айгүл Рахметқызының айтуынша, екі жасқа толған балаға коронавирус жайлы ақпарат беріп, ауру жұқтырудың алдын алу жолдарын үйрету керек.
«Бұл вирусты 2 жастағы баладан бастап білуі керек. Ол бала сөйлей алады, бәрін түсінеді. Қолды қалай жуу керекекенін, не үшін қолды жиі жуу керек екенін осы жастан бастап түсіндірген дұрыс. Коронавирус келмей тұрып та солай болды. Қолды сабындап жуу арқылы ол тазалыққа үйренеді, спиртпен сүрту арқылы микробтардың өлетінін түсінеді», — дейді психолог.
Ал кішкентай бала оны тез түсінуі үшін арнайы суреттерді пайдалану керек. Қол жуу ережесін іліп қоюға да болады.
Бұл пікірмен психолог-сарапшы Шұғыла Дуанаева да келіседі. Маман балаға вирус жайлы айтып, оның жауапкершілігін арттыруды қолдап отыр.
«Балаларға вирус жайлы айтқанда тұрған ештеңе жоқ. Қазір вирус туралы әртүрлі анимациялық роликтер бар. Роликтер арқылы балаға жеткізу қажет. Сол арқылы бала бойындағы жауапкершілік дамиды»,- дейді ол.
Дуанаеваның айтуынша, вирус жайлы балаға оның ішкі мазасыздығын оятпай, қорқытпай жеткізген дұрыс. «Сенің өміріңе қауіп төніп тұр» деп емес, сақтану керек деген формада түсіндіру қажет.
Баланың көзінше абайлап сөйлеген жөн
«Әдетте баланы қаршадайынан бас бармақтан бастап, саусақтың арасын қалай жуу керек екенін үйретеміз. Бала тез ұғынуы үшін суреттерді пайдаланған тиімді. Қазір оған көз бен мұрынды ұстамауды үйрету керек. Далаға шықпауды, адам көп жиналған жерде жүру қауіпті екенін айту қажет», -дейді Айгүл Рахметқызы.
Алайда мұндай сәтте балаға өтірік айтудың қажеті жоқ. Вирустың қауіпті екенін, үйде отыру арқылы одан құтылуға болатынын түсіндірудің өзі жеткілікті.
«Баланың көзінше абайлап сөйлеу керек, әр сөзімізді таразылап отыру қажет. Бала сұрақ қойса, оған нақты жауап беріңіз. «Кейін айтамын», «Не істейсің оны?» деп сөге сөйлемеу қажет. Ал өзіңіз әңгіме бастасаңыз, іштей не айтатыныңызға дайындалып алыңыз», — дейді ол.
Ал Шұғыла Дуанаева мұндай кезде балаға бұйыра сөйлеуге болмайтынын айтады.
«Балаға оқшауланудың маңыздылығын түсіндіру қажет. Көп ата-ана тыйым салып, бұйрық беруі мүмкін. Кересінше, балаға нұсқау көрсетіп сөйлеуге болмайды. Ондай кезде балада белгісіздік сезімі пайда болады. Ата-ана әрекеттің нәтижесі қандай екенін айту арқылы баланың көңіл-күйін бақылай алады», — дейді психолог.
Бала дертке шалдықса, не істеу керек
Айгүл Рахметқызы ата-аналарға балалардың жанында коронавирус жайлы айтпауға кеңес берді. Айтуынша, бала оны тез қабылдайды. Егер қазір балалар вирустың адам өмірін қиятыны жайлы естіген болса, оның ойында жаман әсер қалдыруы мүмкін. Ондай жағдайда балаға сурет салдыртып, жыртып тастап отырған жөн.
«Вирус туралы үйде айтпаңыз. Себебі айтқан сайын адамның иммундық жүйесі әлсірейді. Ата-ананың әңгімесіне қарай баланың көңіл-күйі құбылып отырады. Қазір балалар үйде болғандықтан күніне он минут бірге жаттығу жасаңыз. Онлайн сабақ оқуға көшкен балаға ата-ананың көмегі ауадай қажет. Бос уақытында кітап оқуға ықпал жасаңыз, коронавирус жайлы ақпаратпен ойын ластауға жол бермеу керек», -дейді ол.
Оқи отырыңыз: Бас санитар дәрігер: 45 бала індетке шалдықты
Ал баладан вирус анықталған жағдайда ата-ана байбаламға салынбауы керек. Ол баланы одан сайын қорқытады.
«Бала денсаулығына қауіп төніп тұрғанда сабырлы болу өте қиын, алайда бала шошып қалмас үшін байбалам салмау керек. Балаға бәрі жақсы болатынын айтып, демеу беру керек, ондай сәтте баланы жалғыз қалдыруға болмайды. Себебі бала ата-анасының айтқанына сенеді, ауру туралы жаман ойдан арылуға көмектеседі. Бұл індетпен бүкіл әлем күресіп жатыр. Баласы ауырып қалған ата-ана да жағдайға түсіністікпен қарап, сабырмен қабылдауы қажет», — дейді психолог.
Психолог Дуанаеваның айтуынша, қоғамдағы дүрбелеңнен ата-ана мазасызданатын болса, бала да сондай көңіл-күйде болады.
«Біздің әрекетіміздің өзі баланың иммунитетін әлсіретеді. Сондықтан ата-ана жауапкершілікті ала алатын, эмоциялық тұрақты, максималды түрде сабырлы ересек адам формасында болуы қажет»,- дейді ол.
Әлеуметтік желідегі ақпараттың әсері қандай
Сонымен қатар психологтар әлеуметтік желінің баланың ойлауына қалай әсер етеніні айтты.
«Әлеуметтік желідегі ақпараттың барлығы балаға пайдалы деп айта алмаймын. Ішінде жақсы кеңестер де бар. Мысалы, сақтық шаралары жайлы роликтер көп. Ал жалпы мәліметті ата-ананың ұсынысымен оқығаны жөн», — дейді Айгүл Рахметқызы.
Мамандардың айтуынша, жайсыз ақпаратты естіген балада көңіл-күйінің тепе-теңдігін бақылайтын гормон жоғарылап кетуі мүмкін.
«Әлеуметтік желідегі ақпаратты балаға көрсетпеген дұрыс, өйткені ол жерде күйзеліс тудыратын ақпараттар бар. Ал күйзеліс баланың психикасына, ағзасына кері әсер етеді. Стресс туған кезде баланың бойында кортизол гормоны жоғарылайды, ал ол гормон баланың өзін ұстау, танымдық процестерін, көңіл-күйінің тепе-теңдігіне жауап береді», — дейді Дуанаева.
sputniknews.kz