Қазақстанда дауылды жел 160 ғимараттың шатырын ұшырып әкетті

0

Табиғат апатынан ең көп зардап шеккен Қостанай және Ақмола облысы болды. Сондай-ақ, жел Қазақстанның солтүстігіндегі ғимараттарды зақымдады

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Қазақстанда дүлей желдің салдарынан 160-тан астам ғимараттың шатыры бүлінді. Бұл туралы ТЖ комитеті дағдарысты ахуалдарды басқару орталығының басшысы Рустамбек Амрин айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қатты желдің салдарынан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының 22 ауданы мен екі қаласында 160-тан астам ғимараттың шатыры жұлынып кетті.

Ақмола және Қостанай облыстарының тоғыз ауданында электр желілері зақымданды. Зақымдалған нысандар мен материалдық шығындар көлемі анықталып жатыр.  

Сонымен қатар, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Ақмола және Қостанай облыстарындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының тоғыз учаскесі және Қостанай облысындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 20 учаскесі жабылды.

7 сәуірде Қазақстанның өңірлерінде ауа райы бұзылды. Боран Қостанай облысының тұрғындарын электр, су және жылусыз қалдырды, Көкшетауда жел шатырларды ұшырып әкетті.

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында жетпістен аса адам қар құрсауында қалды

Ақмола облысының Үрүмқай ауылында дауыл салдарынан күзетшіге шатыр құлап, ер адам қайтыс болды.

7 сәуірден 9 сәуірге дейін Қазақстанның басым бөлігінде дабылды ескерту жарияланды.

13 облыста желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетеді деп болжануда, сондай-ақ қар мен жаңбыр жауады, түнде ауа температурасы минус сегіз градусқа дейін төмендейді.



sputniknews.kz