«Әуежай ішіне кіргізбей бірден ауруханаға алып кетті»: Уханьннан эвакуацияланған қазақстандық студент Отанға оралуы жайлы — Қазақстан жаңалықтары

0

Ухань қаласындағы студенттер отанға оралу процесін тездету үшін мемлекеттен көмек сұраған болатын. Олар елге эвакуацияланған алғашқы қазақстандықтар болды. Студенттерді эвакуациялау қалай жүргізілді және дәрігерлердің оларға қарым-қатынасы қандай болды? Осы және өзге де сұрақтарға қазіргі таңда ҚХР-дың Хубэй провинциясы Ухань қаласының CCNU педагогикалық университетінде  қытай тілі мамандығы бойынша білім алып жатқан магистрант Жұлдыз Әлімбекова Stan.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында жауап берді.

— Жұлдыз, ең алғашқы сауалымыз, эвакуациялау қалай жүргізілді, елге қалай оралдыңыздар?

— Иә, Отанға оралу үшін елімізден көмек сұраған болатынбыз. Мен коронавирус  адамнан адамға жұғады деген хабарды ести сала, 22 қаңтардан бастап көшеге шығуды доғарып, үй карантинінде отырдым. Қытай жаңа жылы келе жатқандықтан ертерек қамданып, қаңтар айының 19-20 күндері қажетті азық-түлік алып қойдым, барлық санитарлық талаптарды орындап жатақханадан шықпай отырдым. Қала жабылған соң, «Уханьдағы Қазақстан студенттерін эвакуация жасайды екен» деген ақпаратты жақын құрбыларымнан және Қазақстан жаңалықтарынан естідім. Бірақ аса сенбедім, артық үміттенбей, өзім сақтық жасап, бөлмеде үй карантинінде отыруға дайындалдым.

Десек те, Ухань қаласы жабылып, барлығымыз карантинге отырған күннен бастап, Бейжің қаласындағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері бізбен жеке байланысқа шығып, хәл-жағдайымызды біліп, әр студенттің қандай жағдайда карантинде отырғанынан хабардар болып отырды. Және біздің эвакуация жасауға байланысты көзқарасымызды сұрады.

— Бірден елге қайтуға шешім қабылдадыңыз ба? 

— Бастапқыда эвакуация жасаса, «Елге барғаным дұрыс па әлде не де болса осында қалғаным жөн бе?» деп көп ойландым. Өз қамымды ойлап, екі ортада елге барғанда өз халқыма, туысқандарыма зияным тимей ме, осы қадамым дұрыс па деген сияқты ойлар келді. Бірақ соңында өзімнің денсаулығымның жақсы екеніне, өзгелерге қауіп төндірмейтініме сенімді болғандықтан эвакуация жасаған жағдайда елге қайтамын деп шешім қабылдадым.

Эвакуация қашан және қалай болатыны жайлы жауапты елшіліктен бірнеше күн бойы күттік. Ухань қаласы қаңтар айының жиырма үші жабылды, барлық қоғамдық  көліктер тоқтатылды. Қала жабылған күннен бастап, Ухандағы қазақ студенттері WeChat-тан (Whatsapp-тың қытайлық нұсқасы) топ ашып, топтағы жауапты белсенділер елшіліктегі қызметкерлермен байланысқа шығып, эвакуацияға байланысты мәселені шешуге тырысты. Ұзақ уақыт күткенімізге қарамастан, үмітімізді үзбей алдын ала дайындық жасап, ең керекті деген заттарымызды дайындап отырдық. Белсенділер Уханьда дәл сол уақытта қалған студенттерді мекен-жай бойынша жеке топтарға бөліп, топ құрып, төтенше жағдайда эвакуация жасаса қайда барамыз, қай жерде кездесеміз, сол жайлы ақылдасып отырдық. Студенттер позитивті ойлауға, дүрбелең  жасамауға бір-бірін шақырды.  

Дегенмен эвакуацияны жасағанын қатты күтіп, дүрбелең тудырған студенттер болмады емес — болды, бірақ топ ішінде студенттер бір-біріне сенім беріп, сабырлық танытуын айтып отырды.

— Өзіңіз дүрбелеңге салынбадыңыз ба?

— Өзіме келсем, індеттің ошағы болған қалада отырғаныммен, сол қалада ұзақ жыл тұрғандықтан болар, аса қорқу, дүрбелеңге салыну болған жоқ. 1 ақпанда Бейжің уақытымен кешкі сағат 19.40-та бізді эвакуация жасайтыны жайлы хабар алдым. Сол күні біз кешке әуежайға келіп, тексеруден өттік.

Әуежайдағы қытайлық қызметкерлер бізді қатаң тексеріп, дене қызуымыз көтерілмегеніне көз жеткізген соң,  бақылаудан өткізіп бәріне сенімді болғасын, төлқұжатқа мөр басып, бізді өткізді.  Сөйтіп таңғы тоғыздар шамасында бас қаламыз  Нұр-Сұлтан қаласына келіп қондық. Ұшақ ішінен бірінші Қазақстан азаматтары түсетінін, одан соң барып Беларусь және Армения азаматтары, ал Қырғызстан студенттерін ұшақ ішінде күтіп отыруын, транзит жүйесі арқылы өз еліне қайтатыны жайлы хабарлады.  

— Қазақстандық тарап әуежайда қалай қарсы алды? 

— Біз ұшақ тоқтаған соң сыртқа шығып арнайы дайындалған автобустарға отырдық. Бізді әуежай ішіне кіргізбей бірден медициналық орталыққа алып кетті. Нұр-Сұлтан қаласынан біршама қашықта орналасқан медициналық орталыққа әкелді. Автобустан түсе сала, дәрігерлер аса сақтықпен қабылдап алды. Ішке кіре сала біздің дене қызуымызды тексеріп,  қолдарындағы тізім бойынша бөліп, әр палатаға орналастырды.

Палатаға әкеліп, бізге таза киімдерді үлестіріп, Қытайдан келген киім мен сөмкемізді бәрін жинап алып, дезинфекция жасап, одан соң сақтау бөлмесіне қоятыны жайлы айтты. Біз де еш қарсыласпай айтқандарына бағына кеттік. Дәрігерлер бізді қатаң бақылауда ұстап, күнде екі уақыт дене қызуын тексерді, онымен қоса қан тапсырдық, өкпемізді тексерді және де басқа да анализ алумен болды. Осылайша, ақпан айының екісінен он алтыншы күніне дейін бізді қатаң бақылауда ұстап, әр күні әртүрлі анализ тапсырып, жақсы нәтиже екендеріне көздері жеткесін барып, бізді ақпанның он алтысы күні қолымызға қағаз беріп, шығарып салды. 

— Сіздерге қандай жағдай жасалды, дәрігерлердің қарым-қатынасы қандай болды? Қорқыныш болды ма? Сараптама нәтижелерін ұзақ күтіңіздер ме?

— Елге келгенде қорқыныш болған жоқ, дегенмен Ухань қаласының әуежайында бірнеше сағат кезек күтіп, одан соң ұшақ ішінде алты сағаттай бірнеше студенттермен бір ауамен бірге тыныс алып келгендіктен, Қазақстанға жеткенде кішкене қорқыныш болды. Мүлдем болмады, қорықпадым деп өтірік айтпай-ақ қояйын, өзімнің денсаулығымның жақсы екенін сезсем де, менімен бірге келген адамдардан жұқтырып алған жоқпын ба, оларда вирус бар-жоғына кепілдік жоқ деген сияқты ойлар келе қалды. Соған қарамастан миыма келген жаман ойларды сілкіп тастап, позитивті ойға есікті айқара ашып қойдым. 

Он төрт күн карантин кезінде дәрігерлердің бізге деген қарым-қатынасы өте жылы болды. Тіпті біз соғыста ерлік жасап, Отанымызға қайтқандай, бізге ерекше жылылық танытып, аса сыпайы қызмет көрсетті. Тіпті өзіміз ыңғайсыз жағдайда болып, мейірбике апайлардың палатамызды тазартып жүргеніне қобалжып, көмектескіміз келіп отырды. Бірақ дәл сол уақытта біздің қолымыздан келген тек алғыс айту болды.

Күні-түні бізді тексеріп, денсаулығымыздың дұрыс екеніне көздері жетпейінше бір уақыт тыным таппаған барлық дәрігерлерге алғысымды білдіргім келеді. Ақ халатты періштелер сіздер аман болыңыздар! Менен Нұр-Сұлтан қаласынан Алматыға үйіме оралғасын да тұрғылықты мекен-жайымыз бойынша, жергілікті ауруханадан күнделікті хабарласып, он күн бойы қал-жағдайымды сұрап, үйден шықпауымды өтінді. Ухань қаласынан эвакуация жасалып келген студенттердің атынан барлық дәрігерлерге, өз өмірін қауіпке қойып, бізді аман-есен елге әкелген ұшқыш ағайымызға және елімізге мың да бір алғыс.  

— Қазақтандық биліктің коронавирусты тежеуге бағытталған жұмыстарын қалай бағалайсыз?

— Қазақстандық биліктің коронавирусты тежеуге бағытталған жұмыстарын бір сөзбен жақсы, болмаса жаман деп баға беруді дұрыс деп санамаймын. Себебі қазір елімізде енгізілген төтенше жағдай мен осыдан бір ай бұрынғы жағдай екі бөлек нәрсе. Індеттің ошағынан келген бізді елге алып келгенде, барлық санитарлық талаптарды орындап, әуежайдың ішіне де жолатпай, бірден медицина орталығына алып кеткен болатын.  Он төрт күн бойы палатадан шығармай, қатаң талап қойды, біз де үлкен жауапкершіліктің тұрғанын сезіндік. Бұл  — Денсаулық сақтау министрлігінің жасаған ең дұрыс шешімі. Соның арқасында  біз дәл қазір өз үйімізде еш қорықпастан сенімді түрде отырмыз.  

Елін ойлаған әр азамат елге кірген сәттен бастап, өзінің емес, бірінші кезекте жақындарының амандығы, елінің амандығы үшін жауапкершілік танытып, еш қарсыласпай он төрт күндік изоляцияға отыру шешімін өзі саналы түрде қабылдау керек деп ойлаймын. 

Қазақстан билігі халықтың үй карантинінен шығатын уақытын өзге елдермен салыстырып, асығыстық жасамай, дұрыс шешім қабылдайды деген үміттемін. 

— Ұзақ уақыт оқшаулану психологиялық қиындықтарға әкелді ме? 

— Ұзақ уақытқа оқшаулану психологиялық қиындықтарға әкелуі не әкелмеуі адамның өзіне, сана-сезіміне, ойлауына байланысты. Кейбір адамдар эмоцияға тез беріледі, болған ситуацияны өзіне тез қабылдайды, дүрбелеңге тез салынады,  әртүрлі жаман жаңалықтар көрген сайын қорқып, тіпті он төрт күн изоляцияда боласыз десе бірден бітті, «мен коронавирус жұқтырдым» ( өз көзіммен көргем ) деп келмеген жауды өзі шақырып отырады. Ал мен өз тарапымнан айтарым, егер оқшаулау болып жатса, бірінші кезекте саналы түрде ситуацияны қабылдау қажет. Мен аса дүрбелеңге салынбай, ситуацияға басқаша қарауға тырыстым. Сосын оқшаулау кезінде ары қарай вирус жайлы негативті жаңалықтарды көп қарай бермеу, спортпен айналысу, көңілді жүру, позитивті ойда болу,  кітап оқу, сүйікті ісіңмен айналысу, алдыңа мақсат қою, осы болып жатқан оқиғаның аяқталатынына сену, сенімің мықты болу керек.  

— Ухань қаласын сәуірден бастап қайта ашты. Қытайға қайта ораласыз ба?

— Бұйырса, сәуір айының сегізінде Ухань қаласындағы транспорт жолдары ашылады. Уханьға келе алмай қалған, жұмыспен қалып қойған тұрғындар өз үйіне оралуға болады. Бірақ Қытай билігінің айтуы бойынша, Ухань қаласын 8 сәуірде ашқанымен, оқушылардың оқу және тұрғындардың жұмысқа шығуына әлі рұқсат берген жоқ, сақтық үшін үй карантинінде отырған тұрғындар айдың аяғына дейін карантинде отыруы әбден мүмкін. Естуімше, Қытайға оралған әрбір ел азаматын сақтық үшін бірден карантинге жатқызуда. 28 наурыздан бастап ҚХР елге шетел азаматтарын кіргізуге және шығаруға уақытша тыйым салды.  
Алдағы уақытта бұл індет біздің елімізде тоқтаған соң және Қытай да вирустан бас көтеріп, барлығы қалпына келген соң, менің де өзге де студенттермен Қытайға қайту жоспарымда бар. Ухань қаласынан оқуымды аяқтаған соң, аман-есен қуанышпен еліме ораламын деген ойдамын. 
 

Сұхбаттасқан: Назерке Мұса

stan.kz