Еліміз бойынша үш жоғары технологиялық компрессорлық станса іске қосылды

0

Салтанатты рәсім Астана қа­­­ла­сында өтті. Жаңа индус­трия­лық нысандар жұмысының бас­­талу сәті онлайн режімінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Бірың­ғай  диспетчерлік орталығы ар­­қылы көрсетілді. Іс-шараға Энер­­гетика министрі Қанат Бо­зым­баев, Қызылорда облы­сы­­ның әкімі Қырымбек Көшер­баев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Шәріпбаев қатыс­ты. 

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырында «Арал» ком­прес­­сорлық стансасын іске қосу ел­дің оңтүстігін газбен тұрақты қам­­тамасыз етуге және отандық газды Қытайға экспорттауды ұл­ғайтуға мүмкіндік береді.

№5 және 7 компрессорлық стан­саларды қолданысқа енгізу – төрт мемлекетті – Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қы­тайды біріктіріп тұрған «Ор­талық Азия – Қытай» тран­сазиялық газ құбырын қалыптастыруды аяқ­тайды. Сондықтан бұл оқи­ға Қазақстан үшін ғана емес, өңір­дегі барлық мемлекет­тер үшін маңызды. Жаңа ком­прессорлық стансалардың жұмысы «С» же­лісінің өткізу қабілетін жылына 25 млрд текше метр газға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ен­ді барлық «А», «В» және «С» же­лі­лерінің жиынтықты қуаты жылына 55 млрд текше метр газды құрайды. «Қазақстан-Қытай» газ құбырын іске қосқан сәттен бастап 250 млрд текше метрден астам орта­азиялық газ тасымалданды. 

Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасы аясында газ ма­­­­­гис­тральдарының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін атал­ған объектілерде  SCADA жүйесі орнатылған. Бағдарлама ком­­прессорлық стансалар функ­­­цияларының өлшемдерін ба­қы­лап, бүкіл ақпаратты жи­нақ­тап, өңдеп, деректерді  он­лайн режімінде беріп отырады. Ком­прессорлық стансалар мен SCADA жүйесі  General Electric, Siemens, Cummins, ABB, Huawei және басқалар сияқты жетекші дүниежүзілік өндірушілерден шығарылған қазіргі заманғы жабдықтармен жарақталған. 

Анықтама үшін айта кетсек, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры Қазақстанның тәуелсіз тарихында ірі құбырлық жоба болып табылады және мемлекеттің  энергетикалық қауіпсіздігін арт­тыруда маңызды рөлге ие. Қа­зақстан «Бейнеу-Бозой-Шым­кент» МГҚ салу арқылы еліміздің оңтүстігіне тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз ету, бірың­ғай газ тасымалдау жүйесін құ­ру және қазақстандық газды сырт­­қы нарыққа экспорттауды ұлғайту туралы 3 маңызды мін­­детті шешіп отыр.

«Қазақстан-Қытай» ма­гис­­­тральдық газ құбыры – отан­дық газ саласының ең ірі халықаралық газ тасымалдау жо­басы. Әр «А», «В» және «С» же­лілерінің ұзындығы 1310 ша­­­­­­қырымды құрайды. Магис­траль­дар жұмысы басталысымен 2008 жылы 16 индустриялық, жо­ғары технологиялық нысан бой көтерді, оның ішінде 13-і  ком­прессорлық станса. Қазіргі уақытта газ құбыры бойынша 250 млрд текше метрден астам газ тасымалданды.

«ҚазТрансГаз» АҚ – Қа­зақ­­станның газ және газбен­ жаб­­дықтау саласындағы ұлтт­ық операторы.  «ҚазТранс­Газ» АҚ ком­паниялар тобының құра­мына газ өндіруші, тасы­малдаушы, өткізуші және оның өнімдерін қай­та өңдеуші кәсіп­орындар мен ұйымдар кіреді. 

С-КС-5 және С-КС-7 ком­­прес­сорлық стансаларын жобалау­мен, сатып алумен және салумен жергілікті «ҚазСтройСервис» НГСК АҚ компаниясы айналыс­ты. Жоба тапсырыс берушінің бюджеті аясында қауіпсіздік пен жоғары сапа стандарттарын сақтай отырып, белгіленген мерзімде іске асырылды. Ең жо­ғарғы кезеңде жобада 1 300 қа­зақстандық маман жұмыс істеді.

Арал компрессорлық станса­сының ашылу салтанатын­да Қызылорда облысының әкі­мі Қырымбек Көшербаев «Қаз­МұнайГаз» ұлттық ком­пания­сы­ның ұжымына Сыр өңірі халқының атынан алғыс айтты. 

– Бүгін біз Арал өңірінде «Арал» компрессорлық станса­сы­ның іске қосылу рәсіміне куә бол­дық.   Ұлы даланың қуатын ел игілігіне жұмсау мүмкіндігін тәуел­сіз еліміздің қарқынды да­мып келе жатқанының бір дә­лелі ретінде атап өтуге болады. «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлері же­ті айда, рекордтық уақыт ішінде өте маңызды нысанды іске қосып отыр. Сонымен қа­тар жақын арада «Қорқыт ата» компрессорлық стансасы іске қосылады. Тәуелсіздік ме­­рекесінің қарсаңында «Қара­өзек» компрессорлық стансасы­нан бас­тап Астанаға қарай Са­ры­арқа магистральды газ құбы­рының құрылысы басталып, елор­да­мызға көгілдір отын жет­кізу жо­басының басталуына куә бо­ламыз. Осының барлығы – хал­қымыздың ауызбіршілігінің, ын­тымағының және Елбасы сая­­­­сатының арқасы, деді аймақ бас­шысы.  

Сондай-ақ Энергетика ми­нис­трі Қанат Бозымбаев сыр­бойы­лықтарды стансаның іске қосылуымен  құттықтады. 

Осы жерде айта кететін бір жайт, Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Ай­мақ» АҚ арасындағы мемо­рандумға сәйкес, Арал, Қазалы, Шиелі, Жа­ңақорған аудандарын және Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Биыл Энергетика министрлігінің қолдауымен қалған 3 аудан ор­талығын – Жосалы, Тереңөзек және Жалағашты газдандыру жұмыстары басталды. 2020 жылы барлық 7 аудан орталығын көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда өңірде облыс халқының 63%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2020 жыл­ға қарай газдандыруды 95%-ға жеткізу міндеті қойылып отыр. Бүгінде бірден үш жоғары техно­логиялық компрессорлық станса пайдалануға қосылуы осы мерейлі міндетті жүзеге асы­руға жақындап қалғандығын біл­діреді.

Сайын далада өткен салтанатты шараға осы өңірдегі ақ­сақалдар, зиялы қауым өкілдері қа­тысып, алғыстарын айтты. Ауыл ақсақалдары құла дүз­ге­ келіп, болашақ Арал ком­прес­­­сорлық орталығының қа­зы­ғын қаққан «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық компаниясының 7 ай­да рекордтық көрсеткішпен үл­кен жобаны іске асырғанына таң­даныстарын білдірді. Күні ке­ше Арал ауданы экологиялық ахуал­дан тарай жаздап, ұлы те­ңіздің балықшылары Каспий мен Қапшағайға қармақ салып, ау құрып, тарыдай шашылып кеткен еді. Мемлекет басшысының қабылдаған шешіміне сәйкес, кіші Арал қайта толып жатыр. Көшіп кеткен жұрт қайта оралды. Аралда ұлы өмір басталды. Енді бұл жерден Қазақстанның барлық тармағына ел игілігінің шұғыласы тарап жатыр. «Газ келді – жаз келді». Бұл – қасиетті Сыр халқының сөзі.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­­қарма төрағасының орынбасары Қайрат Шәріпбаевтың айтуынша, қазақстандық газды транзиттік және экспорттық бағытта тасы­малдауды әрт­арап­­тандыру, сон­дай-ақ көгілдір отын экспорты көлемін арттыру – Қазақстан Пре­зиденті алға қой­ған маңызды стратегиялық міндеттердің бірі.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»