Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 20 млрд теңгеге жетті
Фото: Бауыржан Жуасбаев
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев азаматтық сектордың жай-күйі туралы баяндады.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ҮЕҰ біздің көшбасшымыздың адал қолдаушысы болып келеді. 2003 жылы сіздің қатысуыңызбен алғашқы Азаматтық форум өтті және Қазақстанның Азаматтық Альянсы құрылды. Сол уақыттан бері ҮЕҰ қолдауға арналған 3 бағдарлама қабылданды. 2006-2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы, қазірге дейін 2016-2020 жылдарға арналған ҮЕҰ мен мемлекеттің өзара әрекеттестігі бойынша ұлттық жоспар жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы ҮЕҰ сапасы артты. 2003 жылы 5 мың ҮЕҰ болса, қазіргі таңда 22000 мыңға жетті», — деді министр.
Кәлетаевтың айтуынша, 2018 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 20 миллиард теңгеге жеткен.
«Бүгінде ҮЕҰ қаржыландыру 14 бағыт бойынша жүргізіледі. Қаржының үштен бір бөлігі әлеуметтік жобаларға, төрттен бірі білім саласы, жастарды қолдауға, бісінші бөлігі азаматтық қоғамды дамытуға, азаматтардың құқығын қорғауға бөлінеді және елдің дамуына айтарлықтай рөл ойнайды. Осылайша, ҮЕҰ секторы институционалды деңгейде құрылды деп айта аламыз», — деді Қоғамдық даму министрі.
Ол бүгінгі таңда ҮЕҰ гранттар алатын ұйым ғана емес, елімізде болып жатқан үлкен процесстердің бөлігіне айналғанын атап өтті.
«Бүгінде Қоғамдық кеңес қатысушыларының төрттен бірін ҮЕҰ құрайды. Қазіргі таңда елімізде 4 мың адамды құрайтын 229 Қоғамдық кеңес жұмыс істейі. 20 орталық мемлекеттік орган мен 313 жергілікті атқарушы органда ҮЕҰ әрекеттестік бойынша өкілетті институт енгізілді», — деп айтты Кәлетаев.
Ол сөз соңында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын азаматтық қоғам өкілдері тарапынан қолдау тауып отырғанын айтты.
«Құрметті, форумға қатысушылар. Күні кеше Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланды. Мақалада көтерілген мәселелер халықтың тарапынан соның ішінде азаматтық қоғам өкілдерінің тарапынан зор қолдау тауып отыр. «Ұлы даланың жеті қыры» – халқымыздың рухын көтеретін, ұлттық сананы жаңғыртудың ұлы бастамасы. Елбасы айтқандай, өткенді мақтан тұтып, бүгінді бағалау, жарқын болашаққа ұмтылу – еліміздің табысты болуының кепілі. Осы маңызды іс-шаралардың басында белсенді қоғам өкілдері тұру қажет деп санаймын. Бүгінгі форумның да негізгі мақсаты осы», — деп сөзін түйіндеді ол.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ