«Шет елге шықпаса да жұқтырып алған»: Нұр-Сұлтан тұрғынынан коронавирус анықталды — Қазақстан жаңалықтары
Нұр-сұлтан тұрғыны коронавируспен шет елге шықпай-ақ ауырып қалды. Қазір онымен байланыста болған адамдарды анықтап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
24 наурызда коронавируспен тіркелген әйел өзін нашар сезінуіне байланысты дәрігерге жүгінген.
«21 наурыздан бастап әйелдің дене қызуы көтеріліп жүрген. Содан келесі күні ол инфекциялық стационарға жатқызылған. Ал 24 наурызда оның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды», — деп хабарлайды Қазақстандағы коронавирус жағдайы бойынша Ресми сайт.
Қазір онымен байланыста болған адамдар анықталуда.
Тағы бір науқас 22 наурызда Лондоннан Минск-Нұр-сұлтан рейсімен келген. Ол бірден карантиндік стационарға оқшауланды. Кейін диагноз нәтижелері вирус жұқтырғанын растап, оны жұқпалы аурулар ауруханасына алып кетті.
«Шағым жоқ, клиникалық белгілері жоқ, дене қызуы қалыпты. Онымен байланысқа түскендер инфекциялық стационарға жатқызылды. Қазіргі уақытта ұшақ бортында жақын қарым — қатынасты анықтау жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлайды сайт.
24 наурызда сағат 12: 00-де Нұр-Сұлтанда 35 ауру оқиғасы тіркелді. Қазақстан бойынша ауырғандар саны 68 адамға жетті.
Қазақстанда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай әрекет етеді. Нұр-сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. Бұл қалаларда коронавируспен ауыратын науқастар көп.
stan.kz