Астанада Ерғазы Рахимовты еске алды

0

Әдеби жиынның мақсаты – қарымды қаламгердің өмірі мен шығармашылығын жұрт жадында жаңғырту, өскелең ұрпаққа насихаттау болды.

Аталмыш кешті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасы және Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырды.

Басқосуға ҰҒА академигі С.Қасқабасов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Н.Айтұлы, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар С.Негимов, Қ.Алпысбаев, Р.Тұрысбек, белгілі жазушылар Т.Әбдірайым қатысып, Ерғазы Рахимов туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, шара барысында белгілі әнші Тұрсынғазы Рахимовтың «Аягөз», «Ақбөкен» сынды әуезді әндері орындалды.

Сонымен қоса Ерғазы Рахимовтың 80 жылдық мерейтойына арнайы өткізілген мүшәйраның да қорытындасы жарияланды. «Қазір қазақ поэзиясы туралы әртүрлі пікірлер айтылып жатады. Бірақ осы мүшәйраға келіп түскен өлеңдерден байқағаным біздің әдебиетімізде тегеурінді жас ақындар өсіп келеді. Ерғазы сияқты ақындарың ізбасарлары жетіліп келеді», деді Несіпбек Айтұлы. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде Нұрбол Мұратбекке, 1 орын Қазбек Байжұманға, 2 орын Оразай Жеңісұлы мен Қабиден Қуанышбайұлына, 3 орын Еділбек Дүйсен мен Асылан Тілегенге бұйырды. Ынталандыру сыйлықтарына Үмітбек Бағдатұлы мен Ержан Жұмабек лайық деп танылды.

Ерғазы Аққазыұлының лирикалық өлеңдері, көркем очерктері мен қысқа әңгімелері қазақ оқырманына кеңінен таныс. «Өкпеті өрендері», «Мұңсызбайдың мұрагерлері», «Сүрі қар», «Тентек келін», «Терісайрық» әңгімелер мен повестер жинақтары, «Зейнел күйі», «Жырлайды жүрек», «Ымырт пен қобыз» өлеңдер мен дастандар жинақтары әр жылдары жарық көрген.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»