Назарбаевтың баспасөз хатшысы Birgemiz қорындағы «мәжбүрлік қайырымдылыққа» қатысты пікір білдірді  — Қазақстан жаңалықтары

0

Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Birgemiz қоғамдық қорына қайырымдылық тек бизнес қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлерден қабылданатынын айтты, — деп хабарлайды Stan.kz.

«Еліміздің бірнеше аймағында Birgemiz қоғамдық қорына мемлекеттік қызметкерлер ерікті-мәжбүрлі түрде қайырмалдық жасап жүргендері туралы ақпарат пайда болған. Мұндай «бастамаларға» жол берілмейді. Барлық қайырымдылық тек ерікті негізде жүзеге асырылуы керек», — деп жазды Айдос Үкібай Твиттерінде.

Ол Birgemiz қоғамдық қорына қайырымдылық тек бизнес қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлерден қабылданатынын еске салды.

«Яғни, бірінші кезекте Елбасының үндеуі қатысты болғандар», — деп атап өтті Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Тұңғыш Президент қазақстандықтарға президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкіметтің коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүзеге асырылып жатқан әрекеттерін қолдауға шақырған болатын. Елбасы осы қиын-қыстау кезеңде елге көмектескісі келетін және көмектесетін адамдардың қаражатын жинайтын республикалық қор құруды ұсынды.

Eurasian Resources Group өз кезегінде республикалық қор құруға 4,5 миллиард теңге бөлді.

Сондай-ақ, үндеуден кейін Болат Назарбаевтың «Салиқалы Орпақ» қоры COVID-19 коронавирусының зардаптарымен күресу үшін өз қаражатынан 150 млн теңге бөлді. Бұған дейін Қазақстандық машина жасау одағының мүшелері отандастарын сабырлылық пен шыдамдылыққа шақырған болатын. «Саби» қоры Kaspi.kz-пен бірлесе отырып, экспресс-тесттерді сатып алуға 200 млн теңге бөлген.



stan.kz