Тоқаев дәрігерлер мен полицейлерге сыйақы беруді тапсырды
Қысқа сілтеме алу
Тоқаев коронавируспен күрес жүргізіп жатқан мамандарға алғыс айтып, оларға бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы беруді тапсырды
АЛМАТЫ, 23 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес жүргізіп жатқан дәрігерлерге, полицейлерге және өзге де мамандарға алғыс айтты. Сонымен қатар оларға бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы беруді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Дәрігерлер, полицейлер және өзге де мамандар демалыссыз жұмыс істеп, үлкен тәуекелге барып отыр. Олар азаматтық және қызмет борышын толық орындап жатыр. Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын», — деді мемлекет басшысы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.
Тоқаев үкімет пен әкімдіктерге коронавируспен күрес жүргізіп жатқан мамандарға бір айлық көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беру үшін қосымша қаражат іздеуді тапсырды.
Сондай-ақ, президент БАҚ жұмысына қатысты тапсырма берді.
«Халыққа кез келген ақпаратқа соқыр сеніммен қарауға болмайтынын, арандатушыларға азаматтардың сенімімен айла-шарғы жасауға мүмкіндік берілмейтінін түсіндірген жөн. Өзгеріп жатқан жағдайды және сырқаттанғандар санының өсуін ескере отырып, БАҚ жұмысын бірыңғай үйлестіру мен орталықтандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Жаңа алгоритмге сәйкес, коронавирус бойынша мемлекеттік органдардың барлық мәліметі ақпарат және қоғамдық дамуминистрлігінің бірыңғай ақпарат орталығына жиналуы тиіс», — деді ол.
23 наурыздан бастап күн сайын ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елдегі жағдайға байланысты брифинг өткізетін болады.
Тағы оқыңыз: Төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқан қазақстандықтарға жәрдемақы төленеді
Сонымен қатар coronavirus2020.kz сайтында Қазақстандағы коронавирус жайлы ақпарат пен үкімет қабылдаған шаралар жарияланады.
Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 61 адамға жетті. Алматы қаласында 26 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 31 адам, Қарағанды каласында 2 адам, Алматы облысында 1 адам, Ақтөбе облысында 1 адам тіркелді.
sputniknews.kz