Эссе мұғалімі туралы, менің мамандығым мұғалім

0

«Мұғалім мамандығындағы менің парызым»
Эссе
Алла тағала адам баласына басқа тіршілік иелерінен өзгеше сыйды, ой мен сананы, тілді берді. Жарық дүниеге шыр етіп келген әр бір адам баласы анасының мейірімінен нәр алып ұлғаяды. Анасы бала үшін бәрінен де қымбатты, аяулы. Ананың аялы алақанында алаңсыз жүрген сәби балабақша табалдырығынан аттаған күні өзін қорғаусыз жалғыз қалғандай сезініп, анасына жеткісі келіп асығады. Күндер өткен сайын айналасында анасы сияқты мейірімді жандардың бар екендігіне иланып, көңілі шаттанады. Періштедей пәк баланың өмірінде ананың орнын ешкім де баса алмайтындығы сөзсіз. Бірақ анасымен қатар өмірдің бұрылысы мен қақтығысында қапыда қалмау үшін оған әрдайым қол ұшын созып, тура жолға бағыттауды көздеген, жақсылық нұрын таратуға үлесін қосуға атсалысып жүрген кереметтей мамандық иелері бар. Осындай қымбатты мамандық иесі ол — мұғалім. Әлі күнге дейін жан дүнием сонау балалық шағымның балғын кездеріне әр күні саяхат жасап келетін секілді. Өйткені мен өзімнің бар жан — тәніммен қалап таңдаған бастауыш сынып мұғалімімін.

Оқушы тұлғасының қалыптасуы мен дамуы қарқынды жүретін маңызды буын — бастауыш саты. Кейбірі балабақшадан, кейбірі дайындық сатысынан, ал кейбірі әже мен атаның құшағынан, кейбірі ата — анасының жалғыз еркесі болып мектептің бастауыш сатысының алғашқы баспалдағы бірінші сыныпқа келеді. Алғашқы рет қолына әліппе кітабын ұстап, қызығу мен таңдану аралас сәби саусақтарымен парақтап ашады, қолына қаламын алып ақ қағаздың бетіне әріп жазады. Мұғалім не дер екен, бізге не айтар екен деген сұрақты әр баланың жүзінен оқуға болады. Оларға үйрете жүріп өзің де үйренесің, себебі әр баланы таныған сайын, оның жан әлеміне жақындаған сайын бір жаңалық ашқандай боласың. Бізде кейбіреулер бала деген осы ғой, олардың бәрі бірдей деп жатады. Дұрыс бала ойынға, айналасындағы нәрсенің не екендігін білуге ынтық болуымен ұқсайды, бірақ қабылдау мен жан дүниесі ешқашан бірін — бірі қайталамайды, ұқсамайды. Еңбек етіп келе жатқан осы жылдар ішінде оқытып тәрбиелеген оқушыларымның ішінде ұқсастық немесе қайталау көрген емеспін. Сыныпта 25 оқушы болса, осылардың ішінен біреуі өте жай қабылдайтын, біреулерінің отбасында баланың біліміне қарауға шамасы жоқ ата — аналар кездеседі.

Сол баланың ата — анасымен жиі қарым — қатынас жасау, бағыт — бағдар берумен оқушыны дұрыс білім алуға бағыттайсың. Балалардың дарындылығын, неге икемділігін немесе не нәрсеге қабілетті екендігін анықтауда бастауыш сынып мұғалімдері зор белсенділік танытулары керек. Егер де мұғалім осынау қызығынан қиындығы асып түсетін жұмысын шын жүректен атқара алмаса жанар шоқты жанбай жатып сөндіріп алады, өсетін жұлдызды өшіреді деуге әбден болады. Өз жұмысым барысынан айтар болсам, сыныбымда 25 оқушы бар. Оқушыларымның төртеуі озат болса, он екісі екпінділер қатарынан. Сыныбымда нашар оқитын екі оқушым болды. Қандай әдісті таңдауға, қайтсем жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады деген ойлар тіпті де маза бермейтін. Таңдаған әдісім нәтиже бермеген кездерде іштей өзімді кінәлап, қынжылатынмын. Қолданып жүрген әдістерімді түбегейлі өзгертуге бел будым да жаңа әдіс — тәсілдермен жұмыс жасай бастадым. Алдыма әр тоқсан үшін жетуім тиіс деген мақсат қойдым.

1 — тоқсанда әр оқушы сауатты, қатесіз жазуға дағдылануы керек деп санадым да, сабақтарымда жиі жатқа жазу, шағын әңгіме құрастыру, сөйлем құрастыру сияқты жұмыстарды жиірек орындатуға ұмтылдым. Сабақ кезінде бейтаныс, жаңа сөздерден сөздік диктант алып, сыныптағы 5, 4 — ке жазған оқушыларды есептеп, сыныптың сауаттылық пайызын шығарып отыруды күнделікті түрде жүргіздім. Осындай жұмыстар нәтижесіз болған жоқ. Сыныптағы оқу үлгерімі нашар, мүлдем сөйлемейтін оқушым таза, қатесіз жазуға дағдылана бастады. Екінші оқушым буындап оқып, оқығанын қатесіз жазуға үйренді. Бір буынды, екі буынды сөздерді оқып, соның өзін қатесіз жазуға үйрете алғаныма қуандым. Ең бастысы сол балалардың көңіліне өзіне деген сенімділік дәнін себе алдым. Оқушыларыма үміт отын, сенімділік дәнін себе алсам ол мен үшін үлкен бахыт деп ойлаймын.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» деген сөздеріне ой жүгіртсек, мұғалім мамандығындағы менің парызым алдыма білім алуға келген әр баланың қолынан жетектеп өмір жолының дұрыс бағытына салу, елімізді әлемге танытатын, ата дәстүрді құрметтеген, ең бастысы Отанын сүйетін азаматты тәрбиелеу, осы жолда еңбектену, іздену, мақсатқа жету…
Ал, көздеген мақсатқа жету менің қолымнан келеріне сенемін.

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы
Атамекен орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Санкибаева Мадина