Елімізде әскери журналистер дайындалатын болады

0

Еуразия ұлттық университеті мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы бірлесіп ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты әскери журналистерді даярлау және арадағы байланысты одан әрі нығайту болды.

Ауқымды шараға Еуразия ұлттық университетінің проректоры Диқан Қамзабекұлы, Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, университет оқытушылары мен студенттері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен ардагерлер, әскери басылым басшылары қатысты.

Конференция аясында Еуразия ұлттық университеті мен Ұлттық ұлан арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, Журналистика және саясаттану факультетінде Ұлттық ұланның әскери журналистика аудиториясының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты жиын барысында генерал-майор Мұхаметқали Сатов меморандумның мән-маңызына тоқталып өтті. «Бүгін 1 желтоқсан –Тұңғыш Президент күніне орай өте ауқымды шара өткізіп жатырмыз. Ұлттық ұланның әскери журналистика аудиториясын ашу – ең алдымен, Елбасы мақалаларындағы жастарды патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу бағытындағы алғашқы қадамымыз. Екіншіден, біз ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл меморандумның негізгі мақсаты – Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен әскери қызметкерлер арасында идеологиялық-тәрбиелік жұмыстарды бірлесіп ұйымдастыру», деді ол.

Факультет деканы Қайрат Сақтың айтуынша, мұндай бастамалар сапалы маман дайындауға мүмкіндік береді. «Қазір салалық журналистерді дайындау бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – әскери журналистерді дайындау. Біз болашақта жаңа оқу бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Осы кезге дейін әскери журналистер басқа елдердің көмегімен дайындалып келді. Енді тәуелсіз елде өз әскери журналистерімізді өзіміз дайындауымыз керек. Осындай арнайы бағдарламалар бәсекеге қабілетті маман дайындауға негіз болады».

Конференцияда әскери журналистиканың тарихынан бастап, оның ақпараттық кеңістіктегі рөлі, даму тенденциясы талқыланды.

Шара Ұлттық ұланның ән-би ансамблінің ұжымы дайындаған «Ұлы дала ұландары» атты концерттік бағдарламамен аяқталды.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»