Алматыда коронавирус жұқтырғандардың хәлі белгілі болды

0

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының мамандары коронавирус жұқтырғандардың жағдайы туралы айтты

АЛМАТЫ, 14 наурыз – Sputnik. Алматы қаласында 4 адамнан коронавирус анықталды. Үшеуінің жағдайы қалыпты, біреуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Коронавирус анықталған 4 адам да Қазақстан Республикасының азаматы. Екеуі Германиядан келген болатын. Бас санитардың талаптарына сай, 1 «б» категориясында болған 9 наурызда келген азамат үй жағдайындағы карантинге жатқызылған болатын. Бұл адам қазір жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Қарым-қатынаста болған азаматтардың барлығы табылып, медициналық бақылауға жатқызылды», — деді Әбілдаев арнайы баспасөз мәслихатында.

Ал екінші азамат Берлин-Алматы рейсімен 13 наурызда ұшып келген.

«Ұшып келген кезінде жаңа алгоритм, жаңа қаулы күшіне енген болатын. Осы рейспен ұшып келген 12 адам, оның үшеуі экипаж мүшесі толығымен ауруханаға жатқызылды. Барлығынан анализ алынды. Ал үшінші азамат дәл осы рейспен ұшып келген ауру жұқтырған азаматтың жұбайы», — деді ол.

Төртінші азаматтың коронавирус жұқтырғаны 14 наурызда белгілі болды. Ол Мәскеу-Алматы рейсімен ұшып келген. Бұл кісімен қарым-қатыната болған азаматтар іздестіріліп жатыр, оның алғашқылары оқшауланды.

«Алматы қаласы жұпалы аурулар ауруханасына жатқызылған үш науқастың жағдайы қалыпты, біреуінің жағдайы ауыр деп айтуға болады», — деді Әбілдаев.

Кейін Әбілдаев оның ер адам және жағдайы орташа деңгейде екенін нақтылады. Ол Германиядан 12 наурызда чартерлік рейспен ұшып келген.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың саны 6 адамға жетті. Бүгін денсаулық сақтау министрлігі тағы екі адамнан коронавирус табылғанын мәлімдеді.

13 наурызда екі қазақстандықтан коронавирус табылғаны белгілі болды. Біреуі Қазақстанға 9 наурызда, ал екіншісі 12 наурызда түнде ұшып келген.

Артынша Нұр-Сұлтанда коронавирустың алғашқы дерегі тіркелді. Науқас Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға 12 наурызда келген. Кешке қарай төртінші адамнан коронавирус табылды. 76 жастағы азамат Германиядан Алматыға ұшып келгені хабарланды.

sputniknews.kz