Семей медицина университетінің басшылығы билікке үндеу жасады
Оқу орны басшысының орынбасары Марат Жанаспаев медицина саласында студенттерді қашықтықтан оқытуға болмайтынын мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Медицина мамандығын оқып жатқан студенттерге қашықтықтан білім беруге келмейді. Бүгін Семей медицина университетінің басшылығы осындай мәлімдеме жасады.
Өйткені студенттер оқыған, тоқығандарын тәжірбие жүзінде өткізіп отыруы керек. Сондықтан олар биліктен оның ұзаққа созылып кетпеуін сұрады, деп хабарлады КТК.
«Медицина саласында студенттерді қашықтықтан оқытуға болмайды. Олар оқығанын міндетті түрде тәжірбиеден өткізуі керек. Сондықтан тығырықтан шығатын басқа жол қарастырған дұрыс», — дейді Семей медицина университеті басшысының орынбасары Марат Жанаспаев.
Семей медицина университетінде 4 мыңнан астам студент білім алуда. Енді студенттер жаппай қашықтықтан білім алуы тиіс. Яғни, мұғалімдер тапсырмаларды видео жазба арқылы жолдап отырмақ. Ал студенттерге оны уақтылы орындау міндеті жүктелді. Сондай-ақ, интернеті жоқ ауылдан келген жастарға жатақханада қалуға мүмкіндік беріпті. Дегенмен білім ордасының басшылығы олардың тәжірбиеден өтпей қалатынына алаңдаулы.
Айта кетейік, үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың таралуына байланысты оқушылар 2020 жылдың 16 наурызы мен 5 сәуірі аралығында каникулда болатынын, ал 16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындары қашықтықтан оқытуға көшетінін жариялаған болатын.
sputniknews.kz