Денсаулық сақтау министрі коронавирустан қалай емделуге болатынын айтты

0

Біртанов басқа аурулар сияқты коронавирустың да орташа және ауыр деңгейі болатынын мәлімдеді. Барлығы адамның имунды жүйесіне байланысты  

НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықты дүрбелеңге салынбауға шақырды. Себебі коронавирустан жазылып шығуға болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде коронавирусқа байланысты барлық ақпарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан түседі. Бұдан бөлек, осы індет тіркелген мемлекеттер және сол жақтағы Қазақстанның елшіліктері қосымша мәліметтерді жіберіп отырады. Соның ішінде аурудың сипаты мен емдеу шаралары бар.   

«Қазір бізде бар ақпаратқа сәйкес, пациенттердің басым бөлігінде аурудың белгілері байқалмайды. Еуропада ондай науқастар үйдегі карантинде отыра береді. Бұл дегеніміз, аурудың жеңіл белгілерімен ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ», — деді Біртанов астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, басқа аурулар сияқты коронавирустың да орташа және ауыр деңгейі болады. Барлығы адамның имунды жүйесіне және созылмалы аурулардың бар-жоғына байланысты. Сондықтан коронавирусты емдеудің арнайы жүйесі қарастырылмаған.

Оқи отырыңыз: Біртанов коронавирус жұқтырған қазақстандықтар туралы айтып берді

«Біз тағы қайталаймыз, қазақстандықтарға қатты алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл – респираторлық вирусты инфекция. Оның да сан алуан формалары бар. Мәселен, тұмау – бұл сәл ауырлау формасы. Ал жеңіл формасы болса, емделудің қажеті жоқ. Көбірек су ішіңіз, қабынуға қарсы дәрі ішіңіздер. Егер дене қызуы көтеріліп, жөтел басталса, жедел жәрдемді шақырған дұрыс», — деп атап көрсетті Біртанов. 

Министр шетелдік тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, шетелдік дәрігерлер коронавирустың ауыр формасы кезінде вирусқа қарсы препараттарды қолдануға кеңес береді. Пневмония болса да, тура сондай терапия жасалады. 

Айта кетейік, Қазақстанда екі адамнан коронавирус табылды. Екеуі де – қазақстандық. Олар екі бөлек ұшақпен Германиядан келген.

 



sputniknews.kz