Еуропаға сапарлайтын елдерге виза беріле ме: Stan.kz бірнеше елдің елшіліктеріне хабарласып анықтап көрді — Қазақстан жаңалықтары

0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялаған коронавирус бүкіл әлем экономикасына зардабын тигізіп, кәсіпкерлерге шығын әкеліп жатыр. Саясаткерлер жоспарланған сапарларынан бас тартып, халықты да мүмкіндігінше көпшілік жиналатын орындарға бармауға кеңес берді. 16 наурыздан бастап мектеп оқушылары демалысқа жіберіліп, ЖОО студентері онлайн-сабақтарға көшірілді. Жақын арада Еуропаның елдеріне сапар шегуі тиіс қазақстандықтар да уайымға салынып, кейбіреулеріне тіпті виза берілмепті. Қазіргі қалыптасқан жағдайды анықтау мақсатында Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстандағы Германия, Испания, Италия елшіліктерден сұрап көрді. Естеріңізге сала кетсек, вирусты жұқтыру қаупі бойынша Италия — 1А, Германия, Франция, Испания 1Б категориясына жатқызылған.

«2020 жылдың 1 ақпанынан бастап 30 маусымға дейінгі аралықта Италияға кіруге виза алған тұлғалар брондаған сапарларын коронавирустың таралуына байланысты кейінге шегергендігін (одан бас тартпағандығын) көрсеткен жағдайда кіру визасын тегін алуға құқылы. Жаңа визаны алу үшін бұрынғы пайдаланылмаған визамен бірге төлқұжатты және туроператорлар тарапынан (мысалы, итальяндық қонақ үй немесе туристік агенттіктер) сапардың кейінге шегерілгендігін және алдын ала төленген сомманы қайтару сұралмағандығын растау жеткілікті. Сондай-ақ, Қазақстанда жұмыс істейтін аутсорсингтік агенттіктер арқылы визаға өтініш берген тұлғалардан ешқандай қызметтік ақы талап етілмейді», – деп хабарлады Қазақстан Республикасындағы Италия Елшілігі.

«Сұрағыңызға жауап ретінде коронавирусқа байланысты виза беру тоқтатылмайтындығын хабарлаймыз. Визалық өтініштер Алматыдағы Германияның Бас консулдығында бұрынғыдай қарастырылады. Осыған байланысты ақпарат және болашақта болуы мүмкін өзгерістер Қазақстандағы Германия өкілдіктерінің сайтында хабарланады», – делінген Қазақстандағы Германия Елшілігінің хатында.

«Қазақстандықтар кез-келген уақытта Испанияға виза жасата алады. Біз визаны бұрынғы тәртіппен беруді жалғастырып жатырмыз. Ешқандай тосқауыл қойылып жатқан жоқ. Испанияға саяхаттау немесе бармау, ол әр адамның өз құқығы. Тек Испанияда тұрып жатқандарға Қазақстанға келуге уақытша рұқсат жоқ», – делінді Қазақстандағы Испания Елшілігінде.

stan.kz