Тоқаев бірқатар кездесу өткізді
Қысқа сілтеме алу
Ақордада Қазақстан экономикасының энергиялық ресурстар экспортына тәуелділігін төмендету жайы талқыланды. Сондай-ақ азаматтық секторды дамытуға қатысты мәселелер сөз болды
НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Белгілі экономист, «Қазмұнайгаз Инжиниринг» компаниясы бас директорының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеевпен кездесу кезінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде, мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру, Қазақстан экономикасының энергиялық ресурстардың экспортына тәуелділігін төмендету мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық өсімді арттыру, фискалды және монеталық саясатты жетілдіру, кәсіпкерлікті дамыту, отандық өнім өндірушілерді қолдау бағыттарында кешенді шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Ұлттық банк төрағасын Ақордаға шақырды
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимовпен кездесу барысында құқық қорғау жүйесіне, заң жобаларын жетілдіруге және азаматтық секторды дамытуға қатысты мәселелер сөз болды.
Қоғам қайраткері мемлекет басшысының бейбіт жиындар туралы заңда жиын өткізу туралы алдын ала ескерту қағидаты болуы тиіс деген ұстанымын қолдайтынын айтты.
sputniknews.kz