АҚШ әскерінің шығарылуы және Кабулдағы атыс: Ауғанстанның тағдыры не болмақ
Америка әскерінің Ауғанстаннан шығарыла бастауы елдегі екі президенттің ұлықтау рәсімі мен Кабулға зымыранмен шабуыл жасаумен тұспа-тұс келді. Колумнист Александр Хроленко ауған еліндегі жағдайға шолу жасады
Ауғанстан Ислам Республикасының жаңа басшысы Ашраф Гани 9 наурызда ант қабылдағаннан кейін сөз сөйлеп жатқан кезде, «Ислам мемлекеті» содырлары Кабулдағы президент сарайына зымыранмен шабуыл жасаған. Оқ дәрі ғимараттың жанында жарылып, екі адам жарақат алды, көліктерге зақым келді.
Елдің қазіргі премьер-министрі Абдулла Абдулланы ұлықтау рәсімі де дәл сол уақытта, шамамен 500 метр жерде өтті. Абдулла және оның жақтастары сайлаудың ресми нәтижесін мойындамайды. Ол жердегі шарада да оқ атылды. Алайда Ашраф Гани мен Абдулла Абдулла қонақтарды сабырға шақырып, рәсімді әрі қарай жалғастырды. Ауғанстанда президентке шабуыл жасау дәстүрге айналған.
Көптеген шетелдік делегация Ганидің ұлықтау рәсіміне келді, алайда кей мемлекет өз өкілдерін екі шараға да жіберді.
Кабулдағы зымыран шабуылы рәсімді тоқтатқан жоқ, бірақ болып жатқан жайттардың сандырақ екенін, ауғанаралық бейбітшілікті реттеудің пәрменсіздігін, сондай-ақ, АҚШ-тың «Талибанмен» арадағы келісімнің келешегі жоқ екенін, Америка әскерінің ол жерде болуы не елден шығаруылуының мағынасыз екенін көрсетті.
Осы жағдайға байланысты АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео пікір білдірді.
«Біз қос үкімет құруға бағытталған кез келген әрекетке және саяси келіспеушіліктерді күш қолдану арқылы шешуге қарсымыз», — деді ол. Алайда Ауғанстандағы америкалық түзетулер дәурені өтіп, ескінің еншісінде қалды. Елде билік үшін қарулы қақтығыстардың жаңа кезеңі басталғалы тұр.
Басқыншылық нәтижесі
Ауғанстанда «Талибанға»* қарсы күреске және мемлекетті қалпына келтіруге АҚШ 882 миллиард доллар жұмсады. Вашингтон Ауғанстанда 100 мың адамнан тұратын әскерін ұстап тұрған кезде жыл сайын әскери іс-әрекеттерге 100 миллиард доллар бөлді. Бұл жағдай 2010-2012 жылдар аралығында жалғасты. 2016-2018 жылдары АҚШ әскерінің қысқаруына байланысты ауған операцияларына кететін шығын 40 миллиард долларға азайды. Ауған есірткісі өндірісіне қарсы күрес үшін АҚШ шамамен 9 миллиард доллар жұмсады. Алайда нәтижесіне көңіл толмайды.
Пентагон Ауғанстанда 2 300 әскери қызметкерін жоғалтты, 20 660 сарбаз бен офицер жарақат алды. Ашраф Ганидің мәліметінше, 2014 жылдан бері 45 мың ауған әскері мерт болды. БҰҰ 2009 жылдан бері Ауғанстанда 100 мың бейбіт тұрғынның жарақат алғанын айтты. Ішінде қаза болғандар бар.
Дегенмен, Талибан Ислам Республикасы аумағы мен халқының біраз бөлігін бақылауда ұстайды. Сондай-ақ, елде 30-дан аса лаңкестік топ жұмыс істейді, олардың ішінде «Ислам мемлекеті»* де бар. Әсерінің саны шамамен 7 мың адам. Ал Америка араласқан16 жылда бірінші рет апиын көкнәр плантациялары максималды деңгейге жетті. Сол себепті қазір Пентагонның 13 мың әскери қызметкері, АҚШ-тың 11 мың маманы, Пампеоның шақыртулары Ауғанстанға әсер етпейді.
Орталық Азияға қауіп төніп тұр
Дохада америкалықтармен келісімге қол қойылғаннан кейін талибтер ауған үкіметінің күштеріне үздіксіз шабуыл жасап жатыр. АҚШ-тың әскери әуе күштері Нахр-э-Сарадж аймағында талибтерге жауап қайтарды. 6 наурызда Кабулда болған шабуыл кезінде 27 адам қаза тапты, алайда бәрі бірқалыпты өтіп жатқан сияқты болып көрінеді. Вашингтон не болып жатқанын байқамай отыр және АҚШ президенті Дональд Трамп «Талибан»* көшбасшыларының бірі Абдул Гани Барадармен телефон арқылы сөйлесті.
2017 жылдың көктемінде өткен НАТО-ның саммитінде «Батыл қолдау» миссиясын 2020 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. 2019 жылдың басында Брюссельде өткен альянстың саммитінде 2024 жылға дейін ауған қауіпсіздік күштерін қаржыландыруды әрі қарай жалғастыру шешілді. Америка әскерінің Ауғанстаннан шығарылуы сөзсіз басқа коалиция елдеріне үлгі болады. Содан кейін Ислам республикасында мужахидтер, талибтер*, игилдер* және басқалардың қатысуымен билікті қайта бөлу басталады.
Британдық Times басылымы Ауғанстанда жаңа азаматтық соғыс басталады деп болжап отыр. Ал бұл Орталық Азия елдерінде де белгілі бір деңгейде тұрақсыздық туғызады.
sputniknews.kz