Ұялы телефон құтқарып қалды: Алматы облысындағы баланы ұрлау мен зорлауға қатысты жаңа деректер шықты — Қазақстан жаңалықтары
Алматы облысында 7 жасар қызды ұрлау фактісі бойынша жаңа деректер мәлім болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Алматы» арнасына сілтеме жасап.
Оқиға 7 наурыз күні Талдыбұлақ ауылында болған. Үйінің маңында ойнап жүрген 2-сынып оқушысын 30 жастағы ер адам алдап шақырып алып, иесіз, бос жатқан ғимараттың жертөлесіне алып кетіп, арам ойын жүзеге асырмақ болған. Қызға іздеу салған ата-анасы оны 2 сағаттан кейін, ұялы телефоны арқылы тауып алған.
«Әрине, біз қорқамыз, шошып кеттік. Балаларды шығарып салып, қарсы аламыз. Әсіресе кешке жоғары сынып оқушыларын қарсы алуға тура келеді», — дейді жергілікті тұрғын Марьям Әділбекова.
Ауыл адамдары күдіктіні сырттай танитын болып шықты. Ер азамат сол ауылдың тұрғыны, жәбіренушінің үйі орналасқан көшеде тұрады. Ауыл адамдары күдіктінің бұл әрекетін түсіне алар емес.
«Бізде бұрын мұндай болған жоқ. Мұндай қорқыныш туралы біз тек теледидардан көрдік. Енді балаларға тек ойнауға ғана емес, көшедегі дәретханаға да жіберден қорқамыз», — дейді Тұрсын Мяшева.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, 7 наурыз күні кешке күдікті сәбиді өз үйінің ауласынан алдап алып кетпек болған. Алайда, қыз бас тартқан кезде, ол аузын алақанмен жауып, қараусыз қалған құрылыстардың бірінің жертөлесіне алып кеткен.
Дәл сол жерден ата-анасы мен полиция қызметкерлері баланы және күдіктіні тапты. Қыз қалтасында болған ұялы телефоны арқылы табылды. Мобильді байланыс сигналы бойынша полицейлер іздеудегі бүлдіршіннің мекен-жайын анықтады.
«Қыздың қайда екенін анықтау үшін жедел-тергеу тобы құрылып, жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылды, оның барысында жоғалып кеткен қыз осы ауылдың бір ғимаратының жертөлесінде жүргенде табылды. Ол жерде 1990 жылы туған күдікті ұсталды. Бұл факт ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігімен көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдікті қамауға алынды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды», — деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.
30 жастағы педофил қазір облыстық полиция басқармаларының біріне қамалған.
Бұл ретте ер адамның көршілері мен таныстары оның ешқашан ешкіммен қақтығыспағанын айтты.
«Жақсы бала болатын. Өзім араласатынмын. Қанша тұрамыз осы үйде, 40 жылдай болды осы жерде тұрады үйдегілер. Араласып, ойнап жүретінбіз. Бірінші рет болып отыр. Өзім таңқалдым, өйткенді өзім көріп жүрген, көз алдымда жүрген бала», — дейді Диана Иманқұлова.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күдікті мектепті бітіріп, әскерде қызмет еткен соң еш жерде жұмыс істемеген, спирттік ішімдіктерді ішкен.
Аталған оқиғадан кейін мектеп басшылығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдаған.
Алғашқы сағаттарда қыз Талғар ауруханасында медициналық көмек алды. Нәресте оқыған мектептің психологтары мен мұғалімдері баланың туыстарымен тәулік бойы байланыста болып, оларға психологиялық көмек көрсетеді.
«Біз бәріміз шошып кеттік. Біздің психолог қыздың ата-анасымен тәулік бойы байланыста. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Мектеп тарапынан біз шұғыл кеңес өткізіп, балалардың қауіпсіздігі бойынша шараларды күшейтуді шештік. Педагогтар үшін қосымша нұсқаулық өткізілді. Сынып жетекшілерге балаларды үлкендердің білуінсіз жібермеуге тағы да ескерту жасалды. Ал бастауыш сынып оқушыларын тек қана мектепке келетін ата- аналардың қолына беру керек «, — дейді мектеп директоры Зәмзәгүл Марипова.
Қазір зардап шеккен баланы Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері қадағалауда. Ата-анасының рұқсатынсыз қорқынышты оқиғаны бастан кешкен баланың жағдайына түсініктеме беруден дәрігерлер бас тартты.
stan.kz