Ел мен ер
1994 жылы «Тарих толқынында» атты кітап жазды. Ел Президенті ретінде «Мен өз халқымның кемінде бес мың жылдық тарихын білуім керек» деп еді сонда. Әрі қазақ руханияты өркениетінің негізгі 12 жолын ашып көрсетіп еді. Соған бір назар аударайықшы:
1. Қазақстанның бүкіл аумағын қамтитын көшпелі, ежелгі арийлердің қоныстануы. Оған Сынтасты, Арқайым қорым-кешендері кіреді.
2. Осыдан 4-5 мың жыл бұрын арийлер солтүстіктен оңтүстікке, Оңтүстік Оралдан Үнді өзені бойына ығысты. Үндіде Веда, Иранда Авеста жазылды. Мәдени-тарихи өрлеу басталды. Ежелгі дала, қазақ жері әлсіреді. Содан қалған белгі – таңбалы тас.
Сақ патшаларының Есіктегі, Бесшатырдағы қорғандары одан кейінгі дәуірдің белгілері.
3. Осыдан 3-4 мың жыл бұрын Гоби маңында ғұндар билік құрды. Олардың бір тобы бір ғасырдан соң бүгінгі қазақ даласына құлады. Тәңірге табыну басталды.
4. Осыдан 1,5 мың жыл бұрын ғұн нәсілдері – түркілер – ашина руының түркілері жинақталып, кейін олар түркі қағанатын құрды, Мәңгілік ел қалыптасты.
«Қорқыт ата» аңызы сол заманның тарихи сарыны.
Түркі эпосының үш бұтағы немесе үш бөлігі – Қазақстандағы түркі руханиятының қайнар көзіне айналды.
5. Бұдан 1300-1100 жылдар бұрын түркі халықтарының рухани орталығы Шығысқа көшті. Ол Орхон-Енисей жазбаларында таңбаланды. Тоныкөк, Күлтегін рунасының жазбаларын, қырыққа тән жәдігерлерді енгізуге болады.
6. Осыдан 1100-900 жылдар бұрын Қазақстанға ислам діні дендеп енді. Араб әрпі руна жазуын ығыстырып шығарды. Ғылым-білім дамыды. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари сол заманның сөнбес жұлдыздары.
7. ХІ ғасыр түркілерден шыққан тұңғыш сопы – Қожа Ахмет Ясауи хикметтерімен ерекшеленеді. Ол қазақтардың рухани мұрасы. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ мемлекеттігінің нысанасы, ол қазақтың ұлы тұлғаларының пантеоны.
8. ХІІ-ХІV ғасырлар Шыңғыс хан мен оның ұрпағын жаулаушылық бірыңғай қазақ халқының табиғи дамуына кесел болып жабысты, қанжоса болды. Сол кезде қазақтан Майқы би шықты. Ол қазақтың үш жүзінің таңбаларын тасқа қашады. Үйсіндердің нысаны – ту, арғындардың нысаны – көз, алшындардың нысаны – найза.
Үш жүз өзінің жауынгерлік ұранын алды. Ұлы жүз – Бақтияр – Бақыт, Орта жүз – Ақ жол – Әділет, Кіші жүз – Алшын – От-ана. Олардың ортақ ұраны – Алаш болды.
9. XV-XVIII ғасырлар қазақ хандығы құрылуымен биік сапаға көтерілді. Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау қазақ руханиятының алтын ағысына айналды.
Жәнібек пен Керей хан қазақ деген атауды тарих сахнасына алып шықты.
ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би Тәуке ханмен бірге «Жеті жарғыны» жасады.
1729 жылы Аңырақай шайқасы қазақтың болу-болмауы туралы мәселені шешті. «Біз күні бүгінге дейін осынау ұлы оқиғаның тиісті бағасын бергеніміз жоқ»!
10. Бұл ХVІІ-ХІХ ғасырларды қамтиды. «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» кезі еді. Осы кезеңде тарих сахнасына Абылай хан келді. Қазақ елі Ресейдің боданына кірген тұс та осы кезең. Осы сәтте жарқ етіп қазақ көгіне Шоқан мен Абай шықты.
11. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басы, Ресейдің гүлденуі де құлағалы тұрған кезеңін белгілейді. Қазақ өз мемлекетін құруды көздеді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов Алашорда үкіметін құруға ұмтылды.
Қазан төңкерісі қазаққа сөз жүзінде тәуелсіздік әкелгенімен, шын мәнінде қасіретті жаңа бір кезеңге ұласты. 70 жыл бойы коммунистік жүйе қазақтың ұлттық рухын жоғалтуымен айналысты. Тілінен, дінінен айырылған халық қалыптаса бастады.
12. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі қазақтардың рухын оятты. Алып КСРО құлады, қазақ тәуелсіз мемлекет құру құқығына ие болды.
13. Әрине, бұған тағы бір саяси, теңдессіз шешім Қазақстанның егемендігін жариялауын қосайық. Сондай-ақ егемен ел құрудағы Қазақстан дамуының президенттік басқару жүйесі және Назарбаев феномені.
Одан кейін Президент «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынды. Бізге мәлім, беймәлім ұлт жәдігерлері жиналды, жинақталды, сараланды, монографиялар жарық көрді. Онан соң Ұлытаудағы қасиетті бұлақ қасында тұрып сұхбат берді.
Осы кезеңде Президент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 100 томдық «Бабалар сөзін» шығарды, ғылыми айналымға қосылды.
Міне, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы дала өркениетінің жеті қырын атап өтіп, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Олар қандай?
Президент жазғандай «Төл тарихымызға оң көзқарас керек». «…Энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп жазды Елбасы.
Оны ат әбзелдерімен, әскердің киген киімдерімен үйлестіре зерттеу керектігін Президент қадап айтады. Бұл арнаулы ғылыми тақырыпқа сұранып тұр. Ұлы даладағы ежелгі металлургияны да ғылыми-танымдық тұрғыдан зерделеп, халыққа жеткізу міндеті тұр. Елбасы әлемдік өркениетте ерекше орны бар аң стилін ұлттық болмыс, кеңістік пен уақыт өлшемдерін ескере отырып бағамдауға шақырады. Түп-тамырымызды тану үшін өзіміздің ежелгі ата-қонысымыздан табылған жәдігерлерге ұлттық өркениет биігінен қарау қажет. Мәселен, 1969 жылы Қазақстанның, оның ішінде ежелгі Жетісу жерінен табылған Алтын адамды алайық.
«Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті». Күміс кеседен табылған жазу да әлі оқыла қойған жоқ. Оқылғанмен, ол ғылыми тоқтам ретінде мойындалмады. Бұл да лингвистер алдында тұрған үлкен міндет.
Президент жазғандай, Қазақстан жерінің Алтайы оның тәжі іспетті. «Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің Ι мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды». Міне, осы өркениеттегі әдеби, рухани жәдігерлер туралы күрделі зерттеулер, мақалалар, қажет болса комикстер керек-ау. Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи түркі әлемінің ұлы данагөйлері. Олар біздің бабаларымыз, одан қашқақтаудың не қажеті бар. Рас, олар түркі әлемінің биігіне шықты. Бірақ олардың кіндік қаны қазақ жерінде тамғанын ешқашан ұмытпауымыз керек.
Түркі империясының аумағын қамтыған көне Жібек Жолы жаһандану заманында қандай трансформацияға ұшырап отыр? Оның Қазақстан экономикасының дамуына қандай үлес әкелгенін сана, экономикалық, рухани-мәдени тұрғыда сараптау қажет. Бұған да ғалымдар өз сөзін айтуы керек деп білемін.
«Бәріміз білетін алма − біздегі алманың генетикалық бір түрі». «…Қызғалдақтың «тарихи отаны» асқақ Алатау екені дәлелденген. Шетел ғалымдары әлдеқашан мойындаған. Бірақ оны иемденетін қазақ әлі де бейқам отыр. Міне, осылардың бәрін жүйеге түсіріп, ұлтқа таныту міндеті тұр. Осы ой-толғамдарды айта отырып, Президент Н.Ә.Назарбаев оны шешудің 7 жылдық жолын айқындап арнайы бағдарлама жасауды тапсырды. Бұл «Архив – 2025» деп аталады. Бұл «ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін» қажет.
Ұлт тарихын, ұлт өркениетін санаға сіңіру ұлттық патриотизмді, өз ұлтына, өз мемлекетіне деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастырады.
Елбасы айтқан жобалар әртүрлі форматта қолға алынса рухани жаңғырудың кемелденуін тездете түседі. Өйткені бұл мақаладағы ойлар мен тұжырымдар «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» жобаларының заңды жалғасы болып табылады.
Осы үлкен рухани жаңғыру жолында елімізбен, Елбасымызбен бір болайық!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҰҒА академигі